«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЕДІ

…1973 жылдың шілдесінде қазір Мәскеуде тұратын, менен екі жас үлкен немере ағам Арал үйленді. Жеңгем – Раушан Рақымжанқызы. Анасы – Ғайни Сауытова, облыстық «Ленин туы» газетінде корректор болып қызмет істейді екен.

Арада екі жыл өтті. Ол кезде «Ленин туы», бүгінде «Солтүстік Қазақстан» газетіне қызметке кірген бетім. 1975 жылдың қазан айының соңы. Ауыл шаруашылығы бөлімінде әдеби қызметкермін. Редакция қызметкерлерінің ең жасы – мен. Сыртынан сырын аса біле бермейді екенмін. Газет жұмысы қаншалықты қызықты болса, қиындығы, жауапкершілігі шаш-етектен екеніне көзім жетті. Ол кезде «Ленин туы» үлкен төрт бет болып (мысалы, бүгінгі сегіз бет) аптасына бес күн шығады.  

Қиындығы адам айтқысыз десем, асыра сілтегенім емес. Ең негізгі ауыртпалық – қазақ әріптерінің тозғандығы, тіпті, жетіспейтіні, баспахана басшыларының әріп теретін линотип машиналарын жаңартуға дәрменсіздігі, тіпті, турасын айтсам, құлықсыздығы, баспахананың техникалық жұтаңдығы. Соның кесірінен газет көп жағдайда өте кешеуілдеп шығады. Мысалы, әр күнгі санына кейде келесі күні түс ауа қол қойылады. Ақиқатын айтқанда, көп жылдар бойы қалыптасқан, әдетке айналып кеткен бұл ахуал облыс басшыларын аса қынжылта қоймайтынына бара-бара көзім жетті. Облыстық партия комитетіндегілерге орыс газеті «Ленинское знамяның» уақытында шыққаны – медет.

Таңды-таңға қосып, осылайша газет шығарып жүргенде ауырып қалған, яки түнгі жұмыстан қалжыраған корректорлардың орнын көбіне-көп мен сияқты жастар басатын. Менің құдағиым Ғайни тәтей корректор болғандықтан, қызметте күн сайын кездесіп жүреміз. Оның жаны жайсаң, өмірде көргені де, тоқығаны да көп, азаматты сыйлай білетін, биязы да жанашыр жан екенін газетті шығаратын кезекші ретінде де және корректорлардың жанында жүрген кезімде де бағамдадым.

Демалыс күндері ағам Арал үйінде болғанымда, яки шақырыстарда да Ғайни тәтейдің бірқалыпты биязы, ақылман мінезінен ауытқымайтынын біліп алдым. Жұбайы Рақымжан Мәкенұлы тілі мірдің оғындай өткір әрі әзілқой, отырған ортасының шам-шырағындай ойыншыл еді. Екеуара әзіл-қалжыңдары сондай жарасып тұратын.

Рақымжан ағай газеттің бір нөмірін де қалт жібермей оқып, ойын жасырмай ашық айтып отырады. Қызметі – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас есепшісі. Көзі ашық азамат қой. Газеттің әлгі айтып кеткен қиындықтарына қатты қынжылатынды.

Күн сайын қызметке құс оянғанда келіп, үркер ауғанда үйіне оралып жүретін Ғайни тәтемізді өте сыйлайды. Кейде алдынан қарсы алып жүреді.

Ал тәтеміз қызметіне өте тағанды. Өзін сыйлата біледі. Өзгені де соншалықты сыйлайды. Дауыс көтеріп, жанындағы әйелдермен жүз шайысқанын естіген де, көрген де емеспін. Мен алғаш қызметке келген кезімде ол елуге де толмапты.

Мінезінің орнықтылығы, ақыл-мандығы кейбір өрескел қимылды адамдардың мысын басып отыратын. Мұны айтатыным, тәтейдің кәрі қайын атасы мен енесінің тәрбиесін көргенін, өзі де солардай тағанды, биязы болуға ұмтылғанын, әдепті адамдармен араласқан сайын олардың ғибратын бойына дарытқанын ұқтым. Орынды әзілді түсініп, күліп қана отыратын дөңгелек, шырайлы жүзінде салқындықтың ізі де сезілмейтін. Ал дөкір мінезбен дөрекі сөйлейтіндерді жақтырмайтын. Сондықтан өзгелерге келгенде аузына ерік беретін кейбір ер-азаматтар Ғайни тәтейден ығысып тұратын.

Тәтейдің адамгершілікті ерекше қастерлейтінін де аңғардым. Менің жеңгем Раушан – оның ортаншы қызы. Тұңғышы – Раиса, оның жұбайы Жеңіс Рамазанов облыстық қауіпсіздік комитетінің лауазымды қызметкері болды. Арал ағам да осы комитетте жауапты қызмет атқарып, Алматыға, одан соң Мәскеуге ауысты. Кенже қызы – Қаратай. Оның жұбайы Аманбол Оразалин Возвышен ауданының әкімі болып қызмет атқарды. Үйінде бас қоса қалсақ, Рахаң екеуі әңгіменің арнасын инабаттылыққа, адамгершілікке бұрып отыратын. Менің шешем – Мәдина Қостангелдіқызын құдағиы болғандықтан ғана емес, «АЛЖИР» лагерінде жазықсыз жапа шеккенін жан-тәндерімен сезіп, «Япыр-ай, әйел адамды, өмірдің гүліндей кезінде төрт бірдей баласын боздатып, қамауға душар еткен үкіметке не дерсің?» – деп қынжылып, аса сыйлай білді.

Олардың осындай көңіл райын білгендіктен, мен «Түсі игіден түңілме!» дегендей, жиі араласып тұрдым.

Қазақтың «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген дана нақылының үлгісін Рақымжан ағай мен Ғайни тәтейдің туыстарымен қарым-қатынасынан да аңғаруға болады. Ағайдың інісі Есілбай марқұммен, оның зайыбы Мәнумен өте сыйласып ғұмыр кешті. Ғайни тәтейдің қайын інісі мен абысынына жақындығы сондай, екі үйдің балалары бір шаңырақта туғандай еді. Әлі де Раиса, Раушан, Қаратай Мәну тәтеймен араласады, балалары бір анадан туғандай тату әрі бір-біріне өте жанашыр. Міне, кейде бір әке, бір анадан туғандардың шырқы күнде бұзылып, бір дастарқаннан дәм тата алмай жүргенде осындай жақындықты ересектердің дарытып кеткен ғибратынан деп білемін.

Бірде бір шаруамен Рахаң үйіне бара қалдым. Ағай Қаратайдан туған жиенін шомылдырып жатыр екен. Мен келген соң ванна бөлмесінен шығып, сәлемімді алды да:

– Зейнолла, сен мына Аманболмен әрі ауылдассың, әрі құрдассың. Есімде қалатындай бір сөз айтшы бұған, – деді.

– Аманбол, қазақта «Әкең қартаймай, құлға жарымайсың» деген сөз бар еді. Атаңа жұмыс тауып бергенің жақсы болған екен, – дегенімде, ағай көзінен жасы аққанша күлді. Ал Ғайни тәтей:

– Міне, біздің журналист жігіттер қалай тауып сөйлейді! – деп мәз болып жатты. Сонда Аманболдың өзі де езу тартып, әп-сәтте әзіл сөзім баурап алғанды.

Ағай мен Ғайни тәтейдің бір-бірімен әзілдесіп отыратынына әбден қанық болғандықтан, кейде олармен де әзілім жарасып қалатын еді. Ол кездері әрбір мереке сайын үлкен етіп қабырға газеттерін шығарамыз. Көбіне өлеңдерін, әзіл-қалжыңдарды мен жазамын. Сондай газеттердің бірінде ағай мен тәтейдің фотосуреттерін алып, Иван Лукин деген суретшіміз екеуінің телефон арқылы сөйлесіп отырғанын бейнелеп, газетті дәліздегі қабырғаға іліп қойдық. Ағай мен тәтейге арнаған сондағы өлеңім әлі күнге жадымда. Қысқаша мазмұнын айтсам былай: жоғарыда тілге тиек еткенімдей, газет үнемі кештетіп шығады. Ағай үйде жалғыз қалады. Ал тәтей жұмыстан телефон соғады. Жұбайының хал-жағдайын сұрайды, жұмыстың шамамен қай уақытта аяқталатынын айтады. Соны мен тыңдап отырамын ғой. Осы әдеті күнде қайталанады.

Ғайни тәтеміз алпыс үш жасында кенеттен өмірден өтіп кетті. Оның асыл бейнесі жадымнан өшпейді. Өйткені, өзім үнемі еркелеп жүретін Раушан жеңгемнің анасын сағынған лебіздерін естіген сайын Ғайни тәтейдің өң-жүзі көз алдыма келеді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp