Ұлы Абайдың отыз жетінші ғақлиясындағы адамның ғұмыры хақындағы терең толғануының сырын ойға алғанда әрқашан өткен өмір, замана керуені көз алдыңда жылжып бара жатқандай көрінеді. Кемеңгер Абайдың қалайша дәл айтқанына әрі қысқа тұжырыммен көп ой білдіргеніне дән риза боласың. Міне, үшінші мыңжылдықты бастағанымызға да жиырма жыл болды. XX ғасыр өзінің сан алуан оқиғаларымен, өміршең өзгерістерімен, солардың бел ортасында жүріп, өнегелі іздер қалдырған өрелі өрендерімен, ел жадындағы асыл азаматтарымен есімізде мәңгі қалды.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі іс-әрекеттерімен жан-жағына нұрын шашқан абзал жандар арамызда көптеп саналады. Олардың біразы бүгінде өмірден өтті. Осындайда жалған фәниден шын дүниеге аттанған ғазиз жандардың асыл бейнелері, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері еріксіз еске түседі. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтіндей әсер қалдырады. Осындай “алдыңғы толқын ағаларымыздың” бірі Амангелді Есеналин еді.
Ол өзінің саналы ғұмырын спортты дамытуға арнаған абзал азамат болатын. Осы тұста сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің “Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай жан еді” деген тұжырымы тұп-тура Әбекеңе арнап айтылғандай.
Амангелді ағамыз қай істе де қаймана қазағына бүйрегі бұрған, ақ көңіл азамат еді. Бұл сөзді мен ғана емес, оны білетіндердің, көзін көріп, қызметтес, алдынан білім алып шәкірті болғандардың бәрі айтады. Ақжарқын, адал көңілімен айналасына шуақ шашып тұратын Әбекеңнің әрбір іс-әрекетінде үлкен бір сыр жатқандай, тереңдік бардай болатын.
Спорт саласының білгірі болған азамат туралы ауылдастары, бірге қызмет атқарған замандастары жақсы сөздер айтудан әсте жалыққан емес. “Мен білетін, Әбекең парасатты, жаны сұлу адам еді. Үлкенге де, кішіге де ілтипатпен қарайтын, әділетсіздікке төзбейтін. Лауазымы қандай жоғары болса да, қателігін бүкпесіз бетіне айтатын. Оның облысымызда спорттың, әсіресе, қазақ күресінің дамуына қосқан үлесі мол. Тек ғұмыры қысқа болды атпал азаматтың”, – дейді облыстың құрметті азаматы, спорт ардагері Жамбыл Тасеменов. Бұл пікірге оны ағасындай сыйлап, тәрбие алған, облысымыздағы спорт пен дене шынықтыру саласының білікті мамандары Амангелді Дайыров, Теміртас Әлжанов, Бауыржан Құлжанов және басқалар да толықтай қосылды.
Амангелді Нұғыманұлы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Петропавл педагогика институтының дене шынықтыру факультетін үздік тамамдаған қазақ ауылынан шыққан жігіттердің алғашқы легінде жүрді. Жас маман еңбек жолын Петропавл қаласындағы №24 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Бұл білім ордасын есімі облыс тұрғындарына белгілі азамат, соғыс ардагері Мәті Құсайынов басқарған. Мәкеңнің тәрбиесін көрген ол тез арада көзге түсіп, облыстық білім бөліміне қызметке ауысады. Мұнда да ол өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, маңайына талантты жастарды топтастырады.
– Оның спорт маманы ретінде сіңірген еңбегінің ризығын Амангелді ағай “Спартак” ерікті спорт қоғамын басқарып тұрған кезде көрдік. Ұйымдастырушылық қабілетін, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыра білуінің арқасында өңіріміз республикалық жарыстарда және оқушылардың бүкілодақтық спартакиадасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ол дүбірлі додаларда сынға түскен оқушыларды баулу, баптау сияқты аса жауапты міндеттің жүгін ауырсынбай көтеріп, делегация құрамына басшылық жасады, – дейді спорт ардагері Ғалым Өркешов.
Амангелді Нұғыманұлы республика деңгейіндегі спорт саласының мамандары, жаттықтырушылары арасында да беделді болатын. Сол кездері ел спортында басшы қызметтер атқарып жүрген Анатөлі Құлназаров, Жақсылық Үшкемпіров, Темірхан Досмұхамбетов, Аманжол Бұғыбаев, Василий Петров, Амангелді Ғабсаттаров, Шынтемір Бисейітов сынды танымал азаматтармен іскерлік және достық қарым-қатынаста болған. Біздің өңірдің спортшылары республикалық жарыстарға қатысқанда төреліктің әділетті болуына бұл да септігін тигізбей қойған жоқ.
Әбекеңнің атқарған жарқын істерінің қатарында күрес түрлерін ауылды жерде дамыту арқылы түкпірлердегі қабілетті, алайда, көзге түспей жүрген жастарды үлкен ортаға тарту болғанын айту керек. Ол жетпісінші жылдары қазақ, еркін және классикалық күрестер бойынша жарыстардың ауылдық жерлерде ұйымдастырылуына мұрындық болды. Сол кездері ауылда өткізілген жарыстар барысында небір талантты балуандар анықталып, кейін олар облыстық, республикалық, халықаралық додаларда жүлделі орындардан көріне білді. Оның спорт саласындағы қажырлы еңбегі атаусыз қалған жоқ. Бірнеше мәрте облыстық, республикалық, одақтық марапаттарды иеленді.
Амангелді Есеналин – отбасында да бақытты болған адам. Зайыбы Роза Әкірәмқызы көптеген жылдар оқу-тәрбие саласында еңбек еткен. Бүгіндері ұрпағының қызығына бөленуде.
Өзінің салмақты, сабырлы қалпынан айнымайтын, жалғандыққа жаны қас, жүздеген жастардың тәлімгері болған Амангелді Нұғыманұлының асыл бейнесі онымен қызметтес болған, тәрбиесін алған азаматтардың есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.