«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНЫ ЖЫРДАН ЖАРАЛҒАНДАЙ…

Келмеске кеткен Кеңес заманының тұсында жүрек түкпіріндегі айтар сөзін булығып, ағынан жарылып ақтара алмай, елге, жерге деген мөлдір махаббатын жырларының арқауына айналдыра алмай, ішінен тынған ақындарымыздың қатары қалың болды. Олардың кейбірінің көркем туындылары баспа бетін көрмей, көзі қарақты оқырманға жол тартпай қалса, кейбіреулерінің шырылдаған шындық үні жүректе жасырынған бейкүнә сыр қалпында жоғалып кетті.

Бүгінде, Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздік алып, еңселі егемендікпен бірге рухты жырларымыз, арқалы ақындарымыз арамызға қайта оралды. Жырларынан еркіндіктің, өршілдіктің желі ескен кейінгі толқын өкілдері жас құрақтай өсіп келеді. Қасиетті қазақ топырағын атамекеніндей аялап, ортақ Отанына айналдырған өзге этнос өкілдерінің де саны артуда. Солардың бірқатары біздің өңірімізде жүр. Петропавл қаласында өмірге келген жас ақын Ирина Приймактың сыршыл жырлары оқыған жанды жіпсіз байлап, еріксіз баурайтыны рас. Ол бүгінде облыс орталығындағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті тарих мамандығының екінші курсында оқиды. Аталмыш саланы таңдауының өз себебі бар.

– Тарих – біздің өткен өміріміз, жүріп өткен соқпақты жолымыз ғана емес, қазақ халқының жады. Болашаққа бағдар сілтейтін әрбір оқиғасын оқи отырып, кемел келешекке бет түзейміз, – деген Ирина бақытты болашағын өзі туып-өскен қазақ жерімен, қасиетті Қызылжар өңірімен байланыстыратынын айтты.

Тарихты терең оқып, зерделегеннен бе, Иринаның жүректі жарып шыққан жырларының негізгі тақырыптары – Отан, туған жер, Қазақстан. Мәңгілік махаббатын шынайы сезіммен өрнектеген оның “За пределами будней” атты алғашқы жыр жинағы жарық көріп, жырсүйер жұртшылықтың қолына тиіп те үлгеріпті. Жинақ осынау ұлан-ғайыр өлкеге деген әрбір адамның жүрек төріндегі сағынышты оятатын жырлардан кенде емес. Кішкентайынан әкелік махаббаттың жылуын сезінбей өскендіктен бе, шексіз сағыныш, күту, зарығу да Иринаның мөлдір жырының арқауына айналған. Тағдырдың тауқыметіне ерік-жігермен төтеп беріп, үлбіреген қызының бұрымды, өнерпаз бойжеткен болып жетілуіне ұмтылған ардақты анасына арнаған өлеңдері де өз бояуымен, көркемдігімен ерекшеленеді.

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған “Аңсар” әдеби байқауына қатысып, “Ең үздік жас ақын” аталымы бойынша жеңімпаз атанған оның алар асуы, бағындырар биігі әлі алда.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp