«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНҒА САЯ – ЖАРҒАЙЫҢ

“Бәрі есімде, бал ғұмыр, бала кездің,

Арман қудым. Ат міндім. Дала кездім.

Қазыналым, қымбатсың маған мәңгі,

Қарашығы секілді қара көздің”, – деп ақын жырлағандай, қайда жүрсе де кіндігі кесілген атамекенді естен шығармайтын, еш нәрсеге теңгермейтін, жұмақтың төріндей санайтын, бал күлкісі сыңғырлаған бұлағын, ерке желмен тербелген құрағын сағынбайтын адам кемде кем шығар! Сондай қасиетті мекендердің бірі – табиғаты тамаша жерде орналасқан Жарғайың ауылы десек, қателеспеспіз.

Иірім-иірім орманды алқаптар көмкеріп, сылдырлай аққан ерке Есіл жағалауында орналасқан жанға сая, малға пана елді мекеннің құрылуы әріден басталады. Бұл туралы ауылдың 90 жылдық мерейтойына орайластырыла өткен салтанатты жиында осы елдің тумасы Нұрлан Рамазанов жан-жақты баяндап берді. 150 жылдан астам тарихы бар зираттың басындағы ескерткіш белгілер әбден ескіріп тозғанын, өткен күннің бір белгісіндей елестейтін құнды жәдігерлер жайлы жастар түгіл, үлкендердің өздері біле бермейтініне өкініш білдірді. Оның айтуынша, табиғаты сұлу, сулы да нулы жерді Атығай руының Құдайберді бабасынан тарайтын Маңыбай батыр өзі таңдап, қоныс еткен көрінеді. Абылай ханның замандасы, жүрек жұтқан баһадұр әрі от ауызды, орақ тілді шешен, данагөй би туралы Смағұл молда, Сайбан қажы секілді көнекөз, құймақұлақ қариялар біраз деректер қалдырса керек. Ел-жұртына сыйлы, беделді тұлға 90 жасқа дейін өмір сүріп, үш әйелінен алты бала көрген.

Кейін Жақұланың баласы Әбдірәштің бастауымен Берісте, Үрісте, Қазбек, Төлеген, Басар, тағы басқалары 7-8 ауылдың басын біріктіріп, қазіргі Жарғайыңның негізін қалаған. 1929 жылы осы елді мекендердің негізінде “Көктерек” артелі ұйымдасқан. Есіл өзенінің арғы бетінде Қарабұлақ ауылы ірге көтерген. Бұл өңірде ислам дінінің қанат жайып, кеңінен таралуына дін ғұламалары зор еңбек сіңірген. ХІХ ғасырдың бас кезінде алғашқы мешітті Тоқпет Оразұлы қажы салдырыпты. Оның жанындағы медреседе балалар діни білім алған. Берістенің шөбересі Қази молда сабақ берген. 1932 жылы 31 оқушыға Уәли Сайпин әріп танытса, 1935 жылы тұрғызылған 7 жылдық мектептің тұңғыш меңгерушісі Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев болған. Сөз арасында мешіт бұзылып, оның ағашынан осы білім үйі тұрғызылғанын айта кеткен жөн. Өкініштісі сол, оқушы санының азаюына байланысты бірнеше буынға сапалы білім, саналы тәрбие берген Жарғайың мектебі 2013-2014 оқу жылында бастауыш мектепке айналдырылды. Осыдан екі жыл бұрын мүлдем жабылып қалды.

Фашист басқыншылары салған соғыс ойраны бұл ауылды да айналып өтпеді. Ауылдың 84 азаматы қолына қару ұстап, Отан қорғау үшін батысқа аттанған. Мәскеу, Сталинград, Курск түбіндегі шайқастарға қатысып, Еуропаны жау шеңгелінен азат етуге атсалысқан. 43 боздаққа топырақ жат жерден бұйырған. Олардың ерен ерліктері мен жарқын бейнесін ұмытпау, жас буынға үлгі ету мақсатымен Дулат Қалитов жетекшілік ететін “Данияр Агро” ЖШС-і ескерткіш орнатқан. Осы шаруашылықтың демеушілігімен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары діндар Зейнолла қажы Сәрсенбаевтың бастамасымен салынған мешіт орнына жамағат сәждеге жығылатын жаңа ғибадатхана бой көтерді.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Еділ Тұтқышев ұзақ жыл шаруашылықта, мәдениет, өнер саласында қалтқысыз қызмет етіп, елеулі үлес қосқан бір топ жарғайыңдық еңбек ардагерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етті. Олардың арасында Таупық Ерманов, Гүлбаршын Жарова, Айман Момынова, Гүлмира Сыздықова, тағы басқаларының есімдері ерекше құрметпен аталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, осы ауылдың тумасы Ескендір Елеусізов 40 жыл табан аудармастан фельдшерлік қызмет атқарған Гауһар Айтжанованың кеудесіне “Еңбек ардагері” төсбелгісін тақты. Ауылдың ардагерлер ұйымының төрайымы Гүлназ Жұмабекова бір топ ауылдастарын марапаттап, ескерткіш сыйлықтар ұсынды.

Салтанат соңы спорттық және бүлдіршіндерге арналған түрлі ойындар мен концерттік бағдарламаға ұласты. 11 ақшаңқан киіз үй тігіліп, ауыл ажарын аша түсті.

Белсенді ауыл азаматтарының бірі Жақсылық Сейітбаев “Ауылым – алтын тұғырым” атты шежіре кітапты Алматыдан арнайы бастырып әкеліп, тұсаукесерін өткізді. Көрнекі безендірілген жинақта тағылымы мол фотолар, естеліктер топтастырылған. “Жарғайың СК” шаруа қожалығының басшысы Серік Мырзахметов тойға бір ту жылқы атап, жәрдем жасаса, Дулат Қажкенұлы елден бөлек ересен еңбек сіңірді. Әр кез ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүріп, сөзімен де, ісімен де үлгі бола білді. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жетік меңгерген ол Алматы қаласындағы “Геотерм” ЖШС-нің бас директоры бола тұра туып-өскен ауылын өз қамқорлығына алуды перзенттік парызы санаған. Мешітте асхана, кітапхана жұмыс істейді. 145 миллион теңге қаражатқа 37 техника сатып алып, жер өңдеумен, астық өсірумен айналысады. Ол қырықтан астам ауылдасын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жобалық құны 30 миллион теңге болатын мал шаруашылығы кешенін салып, ата дәстүрді дамытпақшы. Жалпы алғанда, тартылған инвестиция көлемі 350 миллион теңгені құрайды. Өрнек негізгі мектебіне қатынап оқитын оқушылар үшін арнайы “ГАЗель” көлігі бөлінген.

Жарғайыңның жанашыр азаматтарының бар мақсаты ауылды сақтап қалу, ата-баба жерін өркендету, ел берекесін кетірмеу. Олар бұл мақсатқа адам еңбектерімен, қайырымды істерімен қол жеткізуде.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ.

СУРЕТТЕ: Жарғайың ауылының 90 жылдық тойынан көрініс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp