
Пестрое көлінің жағажайында жаппай сенбілік өтті. «Бірге — таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясы аясында өткен бұл шараға бір мыңнан астам қала тұрғыны қатысты.
Өткен аптада Премьер-министр Асқар Мамин барлық өңірлердің әкімдерін, экологиялық белсенділерді, жастар ұйымдары мен еріктілерді «Бірге — таза Қазақстан» акциясын қолдауға шақырған болатын. Акцияның кеңінен таралып, жалпы республикалық шараға айналатынына және азаматтар арасында үлкен қолдауға ие болатынына сенім білдірген Үкімет бсшысының бұл бастамасын солтүстікқазақстандықтар да қолдады.
Таңғы сағат 10.00-де басталған шара барысында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев пен қала әкімі Болат Жұмабеков бастаған қала тұрғындары, белсенді жастар мен еріктілер қауымы, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер жағажай бойын қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Петропавлдың іргесіндегістрое көл жағажайының аумағы былтыр кеңейіп, жаңарған болатын. Алайда, биыл қамысы өсіп, қоқысы көбейген демалыс орнына абаттандыру жұмыстары қажет екені байқалады. Тазарту жұмыстары екі бағытта — «Лана» дәмханасынан басталып, қарама-қарсы тұрған орман ағаштарына дейін жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуларынша, акция қыркүйек айына дейін жалғасады. Сондықтан аудандарда «Жасыл ел» штабының үш жүзден астам белсендісі жұмылдырылады деп күтілуде. Маңызды шараға өңіріміздің кез-келген тұрғындары қатысып, белсенділік таныта алады.


