Жақсы хабарды естіген Ғалекең балаша мәз. Енді ше, қарамағында жаттықтырушы болып істейтін 24 жастағы Илья Хван Болгарияда өткен әлемдік чемпионатта жеңістің ең биік тұғырына көтеріліп, таэквондоның хас шебері атанды! Осының алдында ғана шәкірттерінің бірі Аманғали Бекболатов Бразилияда дүниежүзінің жастары күш сынасқан грек-рим күресі бойынша қола медаль иеленіп, төбесін көкке жеткізген еді.
Ғалекең деп отырғанымыз – есімі Қызылжар өңіріне белгілі азамат Ғалым Өркешов. Өзі де талай додалы бәсекелерде олжа салып жүр. Соның бірі – “Мерейлі отбасы” байқауында әулеттің арнайы марапатқа ие болуы.
– Мәселе оза шауып бәйге алуда емес. Толық құрамда қатыспасақ та, үлкен сахнада отбасылық құндылықтарымызды жан-жақты насихаттап, тәжірибемізді бөлісуге мүмкіндік тудырылуының өзі неге тұрады?! – дейді жасы алпысты еңсеріп қалса да, толағай екпіні тау жығарлықтай ағамыз. Алымды да шалымды қимылы етженділеу денесіне жарасып тұр. Тұлғасына қарап кәнігі спортшыға бірден ұқсатасың.
Ол студенттік қимас күндерін ыстық сағынышпен еске алады. Виктор Вик, Уәлихан Нүркеев секілді тәжірибелі жаттықтырушылар Теміртас Әлжанов, Бейбіт Қапаров, Жаузат Шоткин сияқты ауыл балаларының қарым-қабілетін жазбай танып, үлкен күрес алаңына алып шыққанын тебірене әңгімелейді. Бұл болса 1973 жылы студенттер универсиадасында 52 кг. салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, жүлделі орын алған. Қарағанды қаласында ұйымдастырылған республикалық “Қайрат” ерікті спорт қоғамының біріншілігінде үшінші орынды иеленіп, спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындаған. Басқа да марапаттары жетерлік. Атағы жер жарған белді балуан болуды басты мақсат етпесе де, спортпен ұдайы шұғылдануды саламатты өмір салтына айналдырған. Жас маман болашақ жарын пединститутта оқып жүргенінде жолықтырып, екеуі қол ұстасқан күйі туған жерге оралған. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметіне білек сыбана кірісіп, алыстағы ауылдың тыныс-тіршілігіне қан жүгірткен. Үйірмелер құрып, қара сирақ ойын балаларын қазақ, грек-рим күрестерінің қыр-сырына баулыған. Ғалымның бойындағы ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеттері бағаланған болу керек, кейін аудандық спорт комитетінің жетекшілігіне жоғарылатылған. Спорт мектебінің тізгіні де сеніп тапсырылған. Осы жылдары оның тәрбиеленушілерінен құралған команда облыстық ұлттық спартакиаданың үш дүркін жеңімпазы атанған. Бағыт, Сансызбай, Ғалым, Әсет есімді ағайынды шәкірттері облыстық, республикалық жарыстардың бәйгелерін алған.
Ғалекеңнің өзгелерден бөле-жара айтатын бір қасиеті – ұлтжандылығында. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары жер-жерлерде “Қазақ тілі” қоғамы құрылғанда оның шаңырағын көтерісуге, босағадағы ана тілімізді төрге оздыруға бел шеше кіріскен. Жиналыс, басқосуларда тілге, ділге, қазақ мектептеріне қатысты проблемалық мәселелерді батыл қозғаудан жалтақтамаған, қорқақтамаған. Көпжылғы ұстаздық, қоғамдық қажырлы еңбегі “Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі” төсбелгісімен атап өтілген.
Ғалым Сағдатұлы бүгінде облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры бола жүріп, жүздеген шәкірттерді қанаттандырып ұшырды. Қазақ, грек-рим күрестерімен, таэквондомен, каратэмен, волейболмен, футболмен, баскетболмен, жеңіл атлетикамен жүйелі шұғылданатын шәкірттері арасында мақтан тұтатындары аз емес. Бір шаңырақ астында 40 жылға жуық тату-тәтті өмір кешіп келе жатқан зайыбы Айтбибі де саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, аудандық білім бөлімінің басшысы, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты директорының орынбасары секілді еңбек баспалдақтарынан өтті. Зейнетке шықса да, еңбектен қол үзген емес. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деп текке айтылмаса керек. Үлкен ұлдары Нұрболат – бүгінде білікті жаттықтырушы. Кіші ұлдары Ерболат та әке салған соқпақты сәтті жалғастырып келеді. Ол – грек-рим күресінен еліміздің бес дүркін жеңімпазы, Азияның күміс жүлдегері, әлем біріншілігіне қатысушы. Жуырда бір шәкірті жастар арасындағы дүниежүзілік чемпионаттан қола жүлдемен оралды. Қыздары Динара ана жолын қуып, ұстаздық етеді. Келіндері ибалы, ізетті. Немерелерінің үлкені Лаура – ауылшаруашылық академиясының студенті, ең кішісі Мансұр – бір жаста.
Отбасына сыйластық шарапатын дарыта білген отағасы мен отанасы тамырын терең жайған, жапырағы жайқалған қос бәйтерек іспеттес.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.