
Өткен жексенбіде “101” телефон нөміріне Петропавл қаласындағы көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, жалын шарпыған пәтерде он жасар баланың қалып қойғаны жөнінде хабар келіп түсті. Төтенше жағдай Батыр Баян көшесінің бойында орналасқан тұрғын үйдің тоғызыншы қабатында орын алды.
Қалалық №3 және №1 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері оқиға орнына санаулы минуттар ішінде жетті. Түтін басқан пәтердің терезесінен үрейлене айқайлап, көмек сұраған баланы көрген өртсөндірушілер бірден жоғары көтерілді. Темір есікті іштен ешкім ашпаған соң №1 өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Асхат Жасұланов автосаты арқылы дереу тоғызыншы қабатқа көтерілді. Осылайша, ол түтінге толы баспанадан Андрейді құтқарып қалды.
Азаматтық қорғау қызметкерлері қатарына 2013 жылы қосылған Асхат Жасұлановтың осы уақыт ішінде өмірі қыл үстінде тұрған талай адамды құтқарғанын атап айтқан жөн. Ол – бейбіт күннің нағыз батыры.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.