1-7-сынып оқушыларының арасында республикалық “Зерде” зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының қорытынды кезеңінде облыс намысын қорғаған ұландардың бірі – Шал ақын ауданындағы Семиполка орта мектебінің 3-сынып оқушысы Батырхан Марат. Ол І орын иеленіп, жеңіске жетті.
Батырхан “Халық поэзиясы – білім және рухани тәрбиенің көзі” атты ғылыми-зерттеу жобасын жазып, оны сәтті қорғап шықты. Ол өзінің ғылыми жобасында поэзияның бала тілін дамытып, рухани жан дүниесін тәрбиелейтін құрал бола алатынына көз жеткізді. Сонымен қатар поэзияның түрлі тақырыптарына тоқталып, олардың патриоттыққа, еңбексүйгіштікке, білімқұмарлыққа, ерлікке тәрбиелейтінін мысалдармен дәлелдеді.
Поэзия оқу оқушының сөздік қорын молайтып, тілін дамытады. Өлең оқумен ұзақ уақыт әуестенген адамның есте сақтау, шешендік қабілеті де артады. Батырхан поэзия адамның ішкі дүниесін ізгілендіріп, рухани нәр беретінін өлеңді мәнерлеп оқу арқылы түсіндіре білді.
Оқушым поэзия десе, жан дүниесімен беріледі. Өлең оқығанда адамның тұла бойын шымырлатады. Мен оның осы дарынына қарап, болашақта да шәкіртіме мол үміт артамын. Мектебіміздің мақтанышы болған жас таланттың облыс намысын абыроймен қорғап келуіне ата-анасының да сіңірген еңбегі зор. Олар Батырханның тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оның өміріне етене араласып, қолдау көрсетеді.
Әсем СЫЗДЫҚОВА,
Семиполка орта мектебінің
жоғары санатты, үшінші деңгейдегі бастауыш
сынып мұғалімі.
Шал ақын ауданы.