«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРАЙСЫҢ, ЕЛДОС!

Тайынша ауданындағы Алабота орта мектебінің 5-сынып оқушысы Елдос Жангелді «Жануарлар – менің достарым» атты республикалық экологиялық байқауда жүлделі орынға қол жеткізіп, Австрияға жолдама алды.

Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен ұйымдастырылған байқауға 6-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысты. Үстіміздегі жылдың сәуір-шілде айларында жұмыстар қабылданып, қорытындысы жақында ғана белгілі болды. Құрамында белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері бар қазылар алқасы қатысушылардың жас ерекшеліктері бойынша жеңімпаздарды анықтады. Бұл байқауда біздің жерлесіміз, дарынды оқушы Елдостың бағы жанып, бірінші орын алды.
– Байқау болатынын естігенде, өзімнің бағымды сынап көргім келді. Мен жануарларды жақсы көремін. Берілген тақырып аясында пілдің суретін салдым. Байқауға дейін біраз іздендім. Кітаптардан пілдерді қалай қолға үйрететінін, оларды қалай қинайтынын оқыдым. Сол көріністі елестетіп, ойымды қағаз бетіне түсірдім. Осы туындым арқылы адамдарды жануарларды қорғауға шақырамын, – деді Елдос Жангелді. Ол сабақты да үздік оқиды. Облыстық, республикалық сурет байқауларына үнемі қатысады. Жетістіктері де аз емес. Баланың өнері анасынан дарыса керек. Жалпы, оның отбасы өнерге жақын. Мектепте бейнелеу өнері және сызу пәнінің ұстазы болып жұмыс істейтін анасы Гүлстан Алпысбаева ұлының дарынын 2-3 жасында аңғарғанын айтады. Кішкентай кезінен сурет салғанды ұнататын Елдос дизайнер болуды армандайды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар алдағы уақытта Австрияға жол тартпақ. Әлем елдерін тығырыққа тіреген қауіпті індеттің беті қайтқан соң біздің Елдос та Венада өтетін көрмеге қатысады.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp