«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРАЙСЫҢ, ЖАНАТ!

Елімізде кәсіпкерлігін ашқысы келетіндерге кедергі жоқ. Осы ақиқатты тайыншалық жас кәсіпкер өз ісімен дәлелдеп

келеді. Орда бұзар отызға енді аяқ басқан Жанат Кенжеғарин бүгінде азық-түлік, жеміс-жидек, тұрмыстық заттарды сатуға арналған супермаркет пен бірнеше дүкенге басшылық етеді.

Талапты жас Тайынша ауданындағы Чермошнянка орта мектебін бітіргеннен кейін Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филиалына “Психология және әлеуметтік жұмыс” мамандығы бойынша оқуға түседі. Оны қызыл дипломмен аяқтаған соң таңдау таразысына магистратура мен кәсіпкерлікті салып, ойлана келе, не болса да табыс көзін табу туралы ұйғарымға келеді. Осылайша, тәуекелшіл жігіт отбасы мүшелерімен ақылдасып, ұялы телефон сату-жөндеумен айналысатын сауда орнын ашады. 2005 жылы жеке кәсіпкерлігін рәсімдеп, аудан орталығындағы “Универмаг” дүкенінің ішіне орналасады.

– Бастапқыда оңай болған жоқ. Шағын кәсіпті дамыту жолында анам мен үлкен апамның қосқан үлестері аз емес. Уақыт өте келе бұл іске кіші інімді де кірістірдім. Сосын сатылымдағы ұялы телефондардың қорын ұлғайтып, жеке дүкенімді ашуға бел будым. Уақыт өте кәсібімді кеңейту мақсатында Чкалово ауылында да сауда орнын аштым. Ең бастысы, өзіме сенімді болдым. Әрине, жаңа істі бастағанда жүрексіну деген болады ғой. Бірақ, соны жеңе білу – әркімнің өз қолында. Көп жастарға олардың ата-аналары қарсы болып жатады. “Бұл істі алып кете алмайсың” деген сияқты кертартпа әңгіме айтатындар да табылады. Мұндайда бойыңдағы қорқынышты жеңіп, алған бағыттан қайтпауың қажет. Бірден өсіп кетуің екіталай, әйтсе де қиыншылықтарды жеңіп барып дегеніңе жетесің, – дейді жас кәсіпкер.

Жалпы, сауда нарығындағы бәсекелестіктің жоғары деңгейде болатыны белгілі. Жас кәсіпкер өзінің дүкендеріндегі тауар өнімдерінің төмен бағамен сатылуы бәсекелестердің тарапынан наразылық тудыратынын да жасырмады.

Жуырда Жанат қала орталығындағы Халық банкінің бұрынғы ғимаратында “Корзина” атты азық-түлік супермаркетін ашып, өз ісін кеңейте түсті. Бүгінде жергілікті тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп жатқан аталмыш сауда нысанының ісі де өрге басып келеді.

– Ауыл деген әркім үшін киелі мекен ғой. Мен де ауылдан шыққан қарапайым азаматпын, туып-өскен жеріме барынша адал қызмет етуге тырысып бағудамын. Бір сөзбен айтқанда, еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Сауда айналымынан түсіп жатқан пайдаға да қанағат етеміз. Жерлестерімнің тарапынан қолдау тауып жатқаныма дән ризамын, – дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде 16 адамды жұмыспен қамтып отырған Жанат азық-түлік тауарларының сапасына және тиімді бағамен сатылуына жіті назар аударып, ауыл тұрғындарына заманға лайықты қызмет көрсетуге көп көңіл бөлетінін айтты. Қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы 45-50 мың теңге аралығында.

Бизнестің қыр-сырына қанық болуды қалаған жас жігіт алдағы уақытта ауданда пейнтбол спорт ойынын қолға алып, Тайынша тұрғындарын бұқаралық спортқа тартуды мақсат етіп отыр.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

 журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp