
Петропавлда өткен сенбі күні кешкі сағат он кезінде Жеңіс саябағында кезекшілікте жүрген патрульдік полиция қызметкерлеріне сасқалақтаған бала жүгіріп келіп, досының абайсызда жардан құлап кеткенін айтып көмек сұрады. Полицейлер жарға шұғыл жеткенімен, ымырт үйірілген кезде баланы іздеу қиынға соқты.
«Біз бұл оқиға туралы Жедел басқару орталығына хабарладық. Жақын маңайда жүрген автопатруль экипажы бізге көмекке жіберілді. Жар тік болғандықтан, зардап шегушіні бірден іздеп табу мүмкін болмады», – дейді сол күнгі оқиғаны еске алған полиция старшинасы Айдарбек Кеншінбаев. Тәртіп сақшылары Нұрлан Қоқабаев пен Қайыр Сыздықов биіктігі 30 метр тік жардан төмен қарай түсіп, қараңғыда қолшамның көмегімен құлаған жасөспірімді тауып алды. Уақтылы келіп жеткен «Жедел жәрдем» дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін, жасөспірім ата-анасына табыс етілді.

Бұл биылғы жылғы өзен жағасында орын алған алғашқы оқыс оқиға емес. Маусым айында патрульдік полиция қызметкерлері суға кете жаздаған балықшыны құтқарып қалған болатын. Көктемде тәртіп сақшылары жардан құлаған қыздың өмірін сақтап қалды.