Осы күнге дейін ресми түрде соғыс қимылы ретінде танылмаған, мойындалмаған Ауғанстанға енген шектеулі кеңес әскерінің құрамында 1500 солтүстікқазақстандық жауынгер болды. Олардың 36-сы сол таулы өлкеде қаза тапты. Ауған жерінде әскери борышын өтеген соғыс ардагері, отставкадағы подполковник Қосман Бегалинов бүгінде 85 жасқа толып отыр.
Осы күнге дейін ресми түрде соғыс қимылы ретінде танылмаған, мойындалмаған Ауғанстанға енген шектеулі кеңес әскерінің құрамында 1500 солтүстікқазақстандық жауынгер болды. Олардың 36-сы сол таулы өлкеде қаза тапты. Ауған жерінде әскери борышын өтеген соғыс ардагері, отставкадағы подполковник Қосман Бегалинов бүгінде 85 жасқа толып отыр.
Кейіпкеріміздің қазіргі Аққайың, бұрынғы Совет ауданындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бөлімшесінде қызмет істеп жүрген кезі еді. Қосекеңді 1980 жылы шілде айында ойламаған жерден Ауғанстанға арнайы қызметтің кеңесшісі етіп тағайындайды. Ол уақытта әскери тәртіп өте қатал, ал қауіпсіздік қызметіне одан да жоғары талап қойылады. Мәскеуден Кабулға арнайы ұшақпен жеткізілген өзі сияқты кеңесшілерді Ауғанстанның сол кезде қауіпсіздік қызметін басқарған Наджибулла өз резиденциясында қарсы алып, ел провинциясындағы жағдаймен таныстырады.
– Екі күннен кейін ел басшысы Бабрак Кармальдің өзімен кездестік. Ол іссапармен келген партиялық, әскери және арнайы қызмет сарапшыларының басын қосқан жиын өткізіп, бізге қандай міндеттер жүктелетінін түсіндірді. Сосын Наджибулла әрқайсымызға кеңесшілік куәлігін тапсырып, қайда баратынымызды айтты. Менің баратын жерім Пәкістанмен шекаралас шығыстағы Нангархар провинциясы болып шықты. Орталығы – Джалалабад қаласы, одан Пәкістанның Пешавар қаласы онша қашық емес. Маған жүктелген міндет – Кабул мен Джалалабадтың арасындағы жол учаскесінің қауіпсіздігін қадағалау, осы трасса арқылы жеткізілетін стратегиялық жүктердің тиісті жеріне аман-сау баруын қамтамасыз ету болды, – дейді Қосман Әбуұлы.
Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Әйтпесе бандалық құрылымдар әрбір шақырым тау жолын бақылауға алып, тасымалдың барлық түріне тосқауыл қоюға тырысқан сол кезде ұрымталдан шабуылға ұшырамаған керуендер сирек. Ал Қосман Әбуұлы осы керуен жолын күні бұрын барлап, қай жерде қандай қауіп барын біліп отыруы керек. Түрлі тәсілмен ақпарат жинап, бандалық құрылымдардың тосқауыл жасар жерін анықтайды. Оларды кімдердің басқарып, қалай жарақтанғанын да білулері керек. Соның бәрі толық тексеріліп, нақтыланған соң оның нұсқамасы бойынша қарсы тараптың топтасқан жерлері дәлдеп бомбаланады. Алайда оның бәрі бірдей көздегендей нәтиже бере бермейді. Жер жағдайын жақсы білетіндер талай қақпаннан құтылып шығып кетіп жүрді. Тіпті бірде кеңес әскери тобының өзін жоқ қылып жібере жаздады.
Әлі есінде, партиялық, саяси және арнайы қызметтің үш кеңесшісі мінген «УАЗ» автомашинасы шекара жақтағы шеткері бір қышлақтан ақпарат жинап, әскери бөлімге қарай беттеп келе жатқан. Алдарында ірі калибрлі пулеметті «БТР» машинасы бар. Барлау мәліметі бойынша бұл жолда бандалық топ болмауы тиіс еді. Десе де кезекті бір жол бұрылысында қапталдан атылған граната «БТР»- дың мұнарасын жанай өтіп, жанындағы ағашқа тиіп жарылды. Соған абдырап қалған «БТР»- дағы жас жауынгерлер жауап оқ атып, одан әрі қозғала берудің орнына тоқтап қалып, жолды бөгегенімен қоймай, өздері нысанаға айналды. Осындай сындарлы сәтте ұрысты басқаруды өз қолына алған Қосекең серіктестеріне машинаны тасалап, жауға автоматтан оқ жаудыруды бұйырып, өзі «БТР»-дағы жас жауынгерлерге көмекке ұмтылды. Күтпеген жағдайдан шошынып, бұғып қалған оларды ұрысқа бастап, пулеметті іске қосады. Ірі калибрлі пулеметтен жаудырған оқ шыдатсын ба, шабуыл жасағандар тау-тасты сағалап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Осы ұрыста Приморье өлкесінен келген партиялық кеңесші ауыр жарақат алды.
Бұл – оның бір жылғы соғыста бастан кешірген көптеген қақтығыстарының бірі ғана. Осы ержүректілігіне берілген «Ерлігі және батылдығы үшін» медалін 23 жылдан кейін Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегеновтің өз қолынан алды.
– Ауған соғысы буыны қатпаған 18-19 жастағы жас жігіттерге өте қиын болды. Жаз айларында өте ыстық, көлеңкенің өзінде ауа температурасы 45 градусқа дейін жетеді. Сондай ыстықта 20-30 килограмдық қару- жарақ арқалап, кейде тәуліктеп жаяу журуге тура келеді. Оған шыдау адам мүмкіндігінің шегінен де жоғары, бірақ жастар шыдады. Өрімдей жастардың көрмегені жоқ. Әсіресе қарсы жақтың қолынан азаппен өлгендердің денесінде сау жер қалмайтын. Мұндай қорқынышты көріністерді уақыттың өзі де санамыздан өшіре алмайтын шығар, – дейді Қосман Әбуұлы.
Кейіпкеріміз – Омбы облысының Есілкөл ауданындағы Боевое ауылынын тумасы. Ұлы Отан соғысы басталар алдында ата-анасы Мамлютка қаласына көшіп келіп, соңдағы орта мектепте оқыған. Кейін отбасы қалаға қоныс аударып, мектепті осында аяқтайды. Сосын Ушинский атындағы педагогикалық институтта білім алып, одан кейін облыс орталығындағы кәмелетке толмаған балаларды еңбекпен тузеу колониясында тәрбиеші, аға тәрбиеші қызметтерін атқарды. 1968 жылдан бастап қауіпсіздік органына қызметке алынып, Минскіде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары курсында білімін жетілдірген. Облыстық қауіпсіздік комитетінде жедел жұмыстарды атқарған.
Қосман Әбуұлы бұрынғы Совет ауданындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесінде 1974 жылдан 1991 жылы зейнет демалысына шыққанша қызмет етті. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі атанды.
Ардагердің омырауына жарқырай тағылған 14 медаль мен төсбелгі оның ерен ерлік иесі екенін айғақтайды. Солардың ішінде ерекше қадір тұтатындары жоғарыда айтқан «Ерлігі мен батылдығы үшін» медалінен басқа, «Интернационалист жауынгер» белгісі, Ауғанстан президенті Наджибулла қол қойған «Кеңпейілді Ауған халқынан» белгісі және «Ауған революциясының 10 жылдығы» медальдары. Сондай-ақ ол адал жауынгерлік қызметі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен де марапатталған. 1992 жылдан бастап отставкаға шыққан ардагер қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағы кеңесінің мүшесі.
Қосман Әбуұлы Ауған соғысы қатысушыларының ұзақ жыл талап етуімен Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілгенін, әрине, жеңіс санайды. Алайда толыққанды соғысқа қатысушы мәртебесін алуды талап етуден танған емес. Оның бүгінгі қоғамдық жұмыстарының түп- тамыры осыған әкеліп саяды. «Мойындалмаған майдан болуы мүмкін емес, қыршын кеткен жас ғұмырлар, төгілген қан – белгісіз соғыстың белгісі емес қой, шындық үстем болуы керек», – дейді ол. Жарияланбаған соғыстың жауынгері түбінде бұл мәртебеге қол жеткізетіндеріне сенеді.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».