Мағынасыз аудармалар, әріп қателері мен оңды-солды қойылған тыныс белгілері. Көшелердегі жарнамалар, мекемелердің кіреберісіндегі тақтайшалар, дүкендердегі тауардың атауларының көбі стилистикалық, грамматикалық, пунктуациялық қателерге толы. Тіл мамандары көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып дабыл қаққанымен, қате азаяр емес.
Петропавлдағы «Мяско» ет дүкенінің маңдайшасында «Біздің дүкенде арқашан жаңа піскен ет жылқы еті қой еті сиыр еті, сондай-ақ өнделген тағамдар бар. Сондай-ақ тегін жеткізу бар» деген қате әрі жаңылтпаш жазудың тұрғанына көп болды. Бас-аяғы екі сөйлемнен көп қате табуға болады. «Әрқашан» деген сөздің «арқашан» деп жазылғанын, тыныс белгілерінің қойылмағанын, «свежее мясо» деген тіркестің «жақсы піскен ет» деп аударылғанын бұған дейін де жазғанбыз. Жарты жылдай уақыт өтсе де, жарнамадағы қате әлі түзелмеген. «С Иголочки» ательесі де «Киімді жөнендеу және тігу» деген плакатын әлі алып тастамапты. Киімді тікпей, «жөнендеп» келе жатқанына қарағанда ерекше ателье болып тұр-ау. «Зарина Мавляни» сән үйінің де маңдайшасындағы «киім жөндеу» деген жазуды оқып, қызылжарлық тігіншілер ине мен жіптің орнына балға мен шеге ұстай ма деген ойға қаласың.
«Зенит» дүкені плакатына «азық-түлік мен сусындар» деп жазып қойыпты. Плакаттың өңі кете бастағанына қарағанда «бен», «пен», «мен» шылауларының қай жерде қолданылатынын айтатын адам баласының табылмағанын байқаймыз. Шылау былай тұрсын сөздің өзін дұрыс қолдана алмайтындар бар. Кәрім Сүтішев көшесінің бойында тұрған плакатта «Где вкусно поесть?» деген сөзді «Қай жерде дәмді тамақтануға болады?» деп аударып қойыпты. Адам негізінде дәмді тамақ ішеді және де дұрыс тамақтанады.
Бұл айтылғандар қате жазылса да, иелері мемлекеттік тілге аударуға тырысқан, ал аялдамалардағы қоғамдық көлік кестесіне назар аударсаңыз мемлекеттік тіл оларға керек емес-ау деген ой түйесіз. Жүгіртпе жолдағы «Рынок Кызылжар», «Гимназия №1», «Торговый дом Жанар (Forte bank)», «Театр им. С.Муканова» деген сөздерді оқып, неліктен мемлекеттік тілде жазылмайтынын түсінбедік. Тіл туралы Заңның 21 бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтіндері: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде – оң жағына немесе төменгі жағына орналастырылады, көлемі жағынан бірдей әріптермен жазылады.
Қаладағы қатені көрмеу үшін соқыр болуың керек шығар. Интернационал көшесіндегі «Пивко» «құиылмалы сусындар дүкені» назар аударды. Иесі әліпбидегі «и» мен «й»-ді айыра алмайтын сияқты. Осы көшемен сәл-пәл жылжысақ, «Центральный ломбард» «зегерлік бұйымдарды сату» деген үш-ақ сөздің өзінен қате жіберген. «Зергер» сөзінің бір әрпі түсіп қалған. Қазақстан Конституциясы көшесіндегі «JOLLY SHOP» «тренд таурларын» сататынын жарнамалап тұр. Негізі «тауар» емес пе еді?
«KRÄCHER» сервис орталығы «Тазалау мен тазартұға арналған кәсіби техника» деп жазып қойыпты. Негізі «тазартуға» дегені дұрыс. «AYAZHAN KENZHEKYZY» түзете-дамыту орталығының» өзін «түзету» керек болып тұр. Ал «Жиһазмаркеттің» «Иттей болып шаршадың ба?! Адамша ұйықта!» деген плакатындағы «керуеттер, дивандар, жастыктар мен корпелер» сынды қателер ұйқыңды қашырады. «Кереует», «жастықтар», «көрпелер» – үш-ақ сөзді дұрыс жаза алмағаны ұят. Іргесіндегі «Сковородки» (home kitchen) ас үйінің «Таңгы асына» қарап, «ғ» әрпі орын таба алмаған жерде тәбетің де болмайды екен.
Көше атауы жазылған белгілерге көз түскенде адамның аты-жөні дұрыс жазылмайтынына қарын ашады. Ғабит Мүсіреповтің Г.Мусрепов, Сәбит Мұқановтың С.Муканов, Баймағамбет Ізтөлиннің Зтулин, Е.Бөкетовтің Е.Букетов, Ысқақ Ыбыраевтың И.Ибраев болып тұрғанына қарап, жергілікті әкімдіктің тілдер бөлімі не істеп отыр деген ой келеді.
«Рух.Тіл.Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуар Тоқпанның айтуынша, Тіл туралы Заңда кез келген визуалды жарнама мемлекеттік және орыс тілінде жазылады деген ереже бар. Алайда ондай ережеге міз бақпайтын кәсіпкерлер баршылық. Қазақ тілін тұтынушылардың саны да сапасы да бүгінде артып келеді. Сондықтан жарнама берушілер бұл мәселені назарға алғаны жөн. «Жарнама агенттігінде қазақ тілінде сауатты жазатын мамандар жоқ. Білмесең аудармашы ал. Кәсіпорындарға барғанда иелеріне «Сіздер жарнама агенттігіне ақша төледіңіздер. Олар екі тілде қатесіз, сапалы жазуға міндетті. Біз қатесін айтып, сіздер түзетіп, тағы шығындаласыздар. Сондықтан нақты білетін мамандардың қызметіне жүгінген дұрыс», – деп үнемі айтамын. Әйтпесе, сөзбе-сөз немесе интернеттің көмегімен аударып баса береді. Жарнама агенттігіне ақысын төлеген соң қайтадан өзіне істетсек, мүмкін олар да өз ісіне мұқият қарайтын еді. Тіл тазалығын сақтау – тіл мамандарының ғана емес, әрбір азаматтың міндеті», – дейді Әнуар Тоқпан.
Сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттарда тіл заңнамасы нормаларының сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, қателері бар жерлерге кіріп, Жарнама туралы заң барын түсіндіріп, түзетуді өтініп, методикалық көмек көрсетіп жүрген қоғам белсенділері биыл да «Сауатты, көрнекі ақпарат – біздің ортақ ісіміз» науқаны бойынша жұмыс істемек. Тіл жанашырының сөзінен кейін үш жарнама агенттігінің өкілімен байланысқа шықтым. «Ұры қатенің» кетіп қалатынын айтып, әңгімелесуден бас тартып, тұтқаны қоя салды.
Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі 2024-2025 жылдары 11 ірі сауда үйіне және көшелердегі сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратқа мониторинг жүргізіпті. Жауапты қызметкерлердің айтуынша, 32 нысанда заң бұзушылықтар анықталды, оларға ескертулер берілді. Оның ішінде 17 нысандағы қателер түзетілді. «Сити молл» сауда орталығында «Bereket Chiken», «Elit Doner» фудкорттарында ас мәзірлері қазақ тіліне аударылды. «Достық молл» сауда ойын-сауық орталығында «Прокат» балаларға арналған кішкентай көлік жалға алу орнында прейскурант және көрнекі ақпарат, «Blomen» ерлер киімдерін сататын бөлімде көрнекі ақпарат, «Тайга» сауда үйінде «Телемир» теледидарға арналған заттар сататын бөлімнің маңдайшасындағы сөздер қазақ тіліне аударылды.
– Солтүстік Қазақстан облысының мейрамханалар мен қонақүй иелерінің қауымдастығымен бірлесіп, клиенттермен диалогтарда қажет сөз тіркестері мен сөздерді қамтитын қызмет көрсету саласына арналған сөздіктер әзірленіп, таратылды. Бұл акцияның мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту болып табылады. Былтыр әдістемелік көмек көрсету мақсатында сауда саласында 500-ге жуық брошюралар-тілашарлар таратылды. Биыл ірі сауда үйлерінде, дәмханаларда әдістемелік көмек көрсету, түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда,– деді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данияр Жолдасбаев.
Өз тіліміз көлеңкеден шыға алмаса, көшеңнің жайнап тұрғаны кімге керек? Елдік те, ұлттық та тілмен сабақтасып тұратынын жадымыздан шығармасақ игі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».