Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі аймақтық штаб отырысы өтті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордееваның төрағалығымен өткен отырыста 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша тұрғындардың сақтандырылу мәселесі қаралды.
Облыста 565132 тұрғын болса, 281660 адам (50 пайыз) жеңілдік жасалғандар санатына ие. Олар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. Жиында баяндама жасаған Лариса Гордеева аударымдар мен жарналардың жүйесіз және уақтылы төленбеуіне байланысты үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 125346 тұрғын сақтандырылмағанын атап өтті. Ал тамыз айындағы мәлімет бойынша, бұл көрсеткіш 129395 адамды құрады. Бұдан облыс аудандары мен Петропавл қаласында сақтандырылмағандардың үлес салмағы аз да болсын азайғанын аңғаруға болады.
Қазіргі уақытта сақтандырылмаған азаматтардың ең көп саны Петропавл қаласында және Тайынша, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы, Мағжан Жұмабаев аудандарында тұрады. МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындардың скринингтен өту, консультациялық-диагностикалық көмек (оның ішінде қымбат тұратын компьютерлік диагностика), медициналық оңалту қызметтері, бірқатар аурулар бойынша жоспарлы стационарлық көмек сияқты медициналық көмектің белгілі бір түрлерін алуға құқығы жоқ.
Сақтандырылмаған 30-40 (32 пайыз) және 41-50 (25 пайыз) жастағы азаматтардың еңбекке жарамды екені белгілі. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша 6,9 млн. теңге қарыз. Соның ішінде 301 заңды тұлға бойынша 4,5 млн. теңге және 858 жеке кәсіпкерлік субъектісі бойынша 2,4 млн. теңге.
Аталған кәсіпорындардың әлеуметтік төлемдерді дер кезінде аудармауы қызметкерлері медициналық көмек алу кезінде бірқатар қиындықтар туғызып, олардың денсаулығын қорғауда конституциялық құқықтарын бұзады. Сондықтан жарналарды уақтылы төлеу қажет.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы.