«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫ ЕУРОПАНЫ ЖАЯУ ШАРЛАҒАН

 Алдағы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтетін боламыз. Облыс әкімі Самат Ескендіров биылғы мерекелік құттықтауында: “Солтүстік Қазақстан облысының әрбір үшінші тұрғыны Отан қорғау үшін әскер қатарына шақырылды. Олардың көбі жоғары наградалар мен медальдарға ие болды, 66 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры және Даңқ орденінің толық иегері атанды. Солтүстікқазақстандықтар қаһармандықпен шайқасып қана қойған жоқ, сонымен қатар тылда да аянбай еңбек етті”, – деп атап айтты. Шынында да, бүгінгі бейбіт өмір үшін күрес сол жылдары бүкілхалықтық сипат алып, кейінгі ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі болды. “Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!” дейтініміз де сондықтан. Осы қағиданы ұстана отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жерлестеріміздің майдан даласындағы жанқиярлық ерліктері мен тылдағы ерен еңбектері жайындағы материалдарды оқырмандар назарына ұсына бастаймыз. 

“Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” дегендей, төрт жыл бойы қарша бораған оқтың астында жүріп те аман қалуға болады екен. Ұжымшардың қара жұмысына жегіліп, даланың ыстығы мен суығына шынығып өскен жігіттің соғысқа нағыз орда бұзар отыз жастан енді ғана асқан шағында барғанынан болар, майданның нағыз ауыр жағдайындағы қиыншылықтарға қайысқан жоқ. Оның байсалды да ұстамды мінезі басына қауіп төнген жайлардан құтқарып, әскери машыққа тез көндігіп кетті. Басында қатты соққы жеген кеңес әскерінің қатарында шегіне соғыса отырып, Белорус майданынан Орталық майданға дейін жаяу жүріп өтті. Бірақ ол осы ыза мен кекті жолдың түбінде құзғындар ұясының өзіне бастайтынына кәміл сенді. Сол сенім оны жеңіске жетелеп, кәрі құрлықты көктей өтіп, керзі етігімен Берлинге дейін жетті.

Осы жеңісті жолдың иесі Көшербай Байтасұлы 1910 жылы 10 қаңтарда дүниеге келген. Оның кіндік қаны тамған жері – бұрынғы Преснов, қазіргі Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылы. Қарапайым отбасында туып, балалық және жастық шағы ғасыр басындағы дүрбелеңді кезеңмен тұспа-тұс келгендіктен, аздап тіл сындырғаны болмаса, оқып білім алуға жағдайы келмеді. Ерте ұжымшар жұмысына араласып, Жарқын ауылының өсуіне үлес қосқан еңбеккерлердің қатарында болды. Әттең, ауыл жоқшылық пен тарыншылықтан айығып, енді-енді әл алып, етек-жеңін жиып келе жатқанда сұрапыл соғыс басталып кетті.

1941 жылдың тамызында ауылдан майданға алынғандардың екінші легінде ел қорғауға аттанды. Сонда өзімен бірге жорыққа аттанған ондаған жігіттің қайтып елге оралмасын кім білген? Батыстағы қан майданға жеткенінше, талай рет бомбылаудың астында болды. Әсіресе, Белорус жеріндегі жорық жолдары тым қиынға түсті. Көлік жүргізбес ми батпағы мен қопасы өз алдына, немістердің әуеден жиі шабуылдап, бытырай қашқан бұларды қуып жүріп атқандарын да бастан кешті. Әйтәуір, Тәңірдің көзі түзу болып, майдан шебіне аман жетті. Соғыстың басындағы жағдай белгілі, мұздай қаруланған жаудың мысы басым болғаны анық. Кейде қарудан екеуара бір винтовкадан ғана тиген кездері болса да, бұлар жаудан қаймыққан жоқ. Сондағы кеңестік жауынгерлердің ерлігі неміс-фашистерді тойтарып, Мәскеудің түбіне жеткен олардың тыр-қырай шегінулеріне тура келді. Сол қантөгіс шайқастардың бел ортасында болған қатардағы жауынгер Көшербай Байтасұлы өзін жаяу әскер бөлімшесіндегі оққағары бар жандардың бірі санаған екен. Окопына тура түскен снаряд пен бомба болмағанмен, қарша бораған оқтардан Құдай қаққан ғой. Мүмкін ол оның майданда соғыс ісіне жетік машықтанғанынан шығар, әйтеуір, Көшекең ордан-орға секіріп, шабуылдап соғысуға шебер болыпты. Қаруластары оны сақа солдатымыз деп те қадірлеген көрінеді. Өйткені, алғы шептегі жауынгерлердің арасында отыздан асқандар көп болмаған.

Ауылдастары соғыстан аман оралған Көшербай Байтасұлының майдандағы шайқас кезінде бастан кешкендерін кейінгі жастарға әңгімелеуден жалықпағанын айтады. Сондай бір әңгімесінде ол: “Командиріміз қайда барсақ та, қаруымызды жанымыздан тастамай, бірге ала жүруді қатаң талап етуші еді. Бірде от жағатын құрғақ шырпы іздеп, тоғай ішіне енген едім, бұғып отырған неміс офицерінің дәл үстінен түстім. Қаруымды кезеніп, алды-артына қаратпай, командирімізге алып келдім. Біздің әскердің қоршауында қалып, содан қашып шығуға ұмтылған жау екен”, – деп еске алыпты. Сол үшін ол “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған екен.

Тағы бірде Сталинград майданында болған мына бір оқиғаны да еске алады: “Бір төбешіктің басында кезекпен қарауылда тұрғамыз. Бірде оның астынан әлдебір дыбыс шығатындай болып көрінді. Секем алған соң тексеріп байқасам, төбешіктің астында жасырын қуыс бар екен. Оны немістердің паналағаны анықталып, отызға жақын әскері тұтқындалды. Осы қырағылығым үшін екінші мәрте “Ерлігі үшін” медалін алдым”, – деген ол.

Жалпы, Көшербай ақсақалдың одан басқа да әскери марапаттары аз болмаған. Соның ішінде ол, әсіресе, “Праганы азат еткені үшін”, “Берлинді алғаны үшін” және “Германияны жеңгені үшін” медальдарын қатты қадірлеген екен. Өйткені, олар жеңіс жауынгерінің алапат отқа енген кездегі өзіне берген сертінің орындалып, болашақ ұрпаққа бұйырған бейбіт күнді жақындатқанының белгісі. Соғыстан кейін ауылда еңбек етіп, мал баққан ардагер екі ұл, екі қыз өсіріп, олардан 17 немере көрген. Жарты Еуропаны жаяу шарлап, ақ ниетті адамзаттың жеңісіне үлес қосқан майдангер өз елінде, өлең төсегінде осыдан 32 жыл бұрын 72 жасында дүниеден өтті. Қан майданда от кешкен оның да есімі ұмытылмайды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp