Бүгін тапа-тал түсте Петропавл қаласының Кәрім Сүтішев көшесіндегі 51-ші үйде өрт шықты. Оқиға орнына келіп жеткен №2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен полицейлер 3-қабаттағы балкондардың бірі жанып жатқанын көрді. Өртсөндірушілердің үйлесімді іс-әрекетінің нәтижесінде тілсіз жау небары жарты сағаттың ішінде ауыздықталып, қызыл жалынның жайылуына жол берілген жоқ. Оқиға орнынан 36 адам эвакуацияланды. Оның 11-і – бала. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бес шаршы метр аумақта болған өрт салдарынан пәтердің және балконның терезесі мен үй жиһазына зақым келді. Тілсіз жаудан келген шығын мен оның себептері анықталуда.
Жыл басынан бері облыс аумағында 181 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 138-і тұрғын үй секторында орын алды. Жалпы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт оқиғаларының және одан зардап шеккен адамдардың саны азайғаны байқалады. Дегенмен, өртсөндірушілер қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді.