«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫ ҒАСЫР СЫРЛАСЫМ

…Әлі есімде, 6-сыныпта оқып жүргенде “Ленин туы” газетіне бір мақалам шықты. Көп ұзамай редакциядан хат алдым. Онда “Қымбатты жас тілші, жолдаған мақалаң бізге ұнады, бұдан былай хат-хабар жазып тұр!” деген сияқты қанаттандыратын сөздер жазылыпты. Сондағы балалық қуанышымда шек жоқ еді.

Алғашқы тырнақалды әңгімелерім сол кездегі Преснов ауданына қарасты Жамбыл орта мектебінде оқып жүргенде газетке шыға бастады. Әдебиетке деген құмарлығымның артуына ұлағатты ұстазым, марқұм Мағел Басыбаев ықпал еткен болатын. Менің алғашқы мақалаларымды оқығаннан кейін арқамнан қағып, ақжол тілеген еді. Ұстаздың қанаттандыруы бар, оған газет тілшілерінен алған бағыт-бағдар, ақыл-кеңестер қосылып, редакциямен біршама байланыс орнады.

Міне, содан бері зымырап 50 жыл уақыт өтіпті. Мен тіл маманы емеспін. Ауыл шаруашылығында көп жылдар зоотехник, есепші болып қызмет істедім. Жылына газетке 2-3 мақала жазуды әдетке айналдырдым. Ауыл өмірінен хабарлар, әңгімелер, әзіл-сықақ өлеңдер, еңбек озаттары туралы мақалалар жазып, бұл еңбектерім сүйікті газеттің беттерінде жарияланған сайын еңсем көтеріліп жүретін. Ұмытпасам, 70-жылдардың аяғы болуы керек, баспанаға мұқтаж болып жүрген екі азамат маған өтініштерін айтты. Мен редакцияға осы туралы хат жолдадым. Соның арқасында газеттің араласуымен пәтерге зар болған екі азамат үй алған еді.

95 жылдық терең тарихы бар газеттің бастауы, өрлеу жылдары, қазіргі тіршілігі туралы кітап шықпақшы болғаны – игілікті іс. Басылымның мазмұнды, жан-жақты, тартымды болуы, әрине, журналист ағайындардың кәсіби шеберлігіне, ізденістеріне, білімділігіне, дарынына байланысты. Алдыңғы толқын аға қаламгерлердің, кейінгі толқын жастардың ұшқыр ойларына дән ризамын.

“Сын түзелмей, мін түзелмейді” демекші, айтарым да бар. Бір байқағаным, соңғы 2-3 жылда 1 сәуір – Күлкі күніне арналған “Қалжыңхана” көрінбей кетті. “Көңілді көтермесе, кір басады” дегендей, бұл – менің өз пікірім. Сын тақырыбы жоқтың қасы.

Қорыта келгенде, өзім сүйіп оқитын “Солтүстік Қазақстан” газеті менің ақылшыма, сырласыма айналды. Тұрақты оқырманы, қоғамдық тілші ретінде, аман-есен 100 жылдығын тойлап, одан әрі жасай беруіне тілектеспін.

Ысқақ АРҚАЕВ,

қоғамдық тілші.

Есіл ауданы,

 Явленка ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp