«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРЫЛЫСТЫҢ АЛДЫН АЛДЫ

Петропавлда ғимарат ішінде тұрған екі көліктен өрт шығып, жарылыстың болуына жол берілмеді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға З қараша күні сағат 11.30 кезінде болған. «101» телефон нөміріне Ғ.Мүсірепов көшесіндегі 38Б-үй мекенжайында орналасқан бір қабатты ғимаратта өрт шыққандығы туралы хабар түскен. Автокөлік ангарында автобөлшектеу қызметі көрсетілген.

       Мамандар оқиға орнына жеткенде ғимарат көк түтінге оранып үлгерген екен. Оның ішіндегі екі көліктен шыққан өрт шатырға ауысқан. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін бес арнайы техника мен жиырма өрт сөндіруші жұмылдырылды. Нәтижесінде мамандар жарты сағаттың ішінде өртті оқшаулады. Ал сағат 12.41-де толығымен сөндірді.

     Оттегі баллондарынан газ-ауа қоспасы шыққандықтан, автокөліктердің жарылу қаупі болған. Өртті сөндіру барысында ғимараттан 2 оттегі баллоны, 1 газ баллоны және 20 литр жағармай шығарылды. Автобөлшектер, май мен шина сақталған қойма да өрттен аман қалды. Алайда 2 автокөлік пен жиһаз толық жанып кетті. Одан басқа шинамонтаждау жұмыстарына қолданылатын қондырғыларға, 1 квадроциклге, ғимараттың қабырғалары мен шатырына зақым келді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келген шығын мөлшері анықталып жатыр.


Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp