Облыс орталығындағы олимпиадалық резервтегі “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 1998-1999 жылдары туған жастар арасында баскетболдан облыстың ашық біріншілігі өтті.
Сайыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында “Жеңіс-1” құрамасы жеңімпаз атанса, қыздар арасында “Барыс-1” үздік шықты.
***
Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатында ауыр атлетикадан облыс біріншілігі аяқталды.
Аталмыш додада Ақжар ауданының құрама командасы топ жарды. Аққайың ауданының құрамасы екінші орынға көтерілсе, жамбылдықтар үшінші болды.
***
Ресейдің Томск қаласында мейбукан годзю-рю каратэ-до сайысынан “Еуразия кубогы” атты халықаралық турнир өтті. Спорттық шараға облысымыздан “Бусидо” және “Санкт-Лоренц” спорттық клубтарынан жүзден астам каратэші қатысты.
***
Сайыстың қорытындысына келер болсақ, кумитэ ирикуми-дзю бағдарламалары бойынша Дамир Жаңбыршынов (30 кг., “Бусидо” клубы) және Женя Макарова (50 кг., “Санкт-Лоренц” клубы) жеңістің бірінші сатысына көтерілсе, балғын спортшылардың жаттықтырушысы Евгений Максимов 21 жастағылардың тобында топ жарды.
***
Қазақстан Республикасының II қысқы Жастар ойындары аясында конькимен жүгіруден жарыс өттi. Бұл сайыста өңір құрамасы жалпыкомандалық үшiншi орынға ие болды.
***
Жуырда дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) барлық салмақ дәрежесіндегі боксшылардың жаңартылған рейтингісін жариялады.
Бұған дейін “WBC” рейтингінде аса жеңіл салмақта (53,5 кг. дейін) көш бастап тұрған солтүстікқазақстандық боксшы Жанат Жақиянов жаңа кесте бойынша британдық Ли Хаскинске жол беріп, екінші орынға сырғыды.
***
Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Астанада шағын футболдан өткен ел біріншілігінен олжалы оралды. Алты күнге созылған біріншілікте намысты қолдан бермеген балғындар тек ақтық кезеңде талдықорғандық спортшыларға есе жіберіп алды.
***
Қарағанды қаласында кадеттер арасында еркін күрестен ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 400-ден астам балуан екі күн бойы мықтыны анықтаған болатын.
Сайыс қорытындысында ұлдар мен қыздар арасында Нұрғожа Қайпанов (69 кг.) пен Екатерина Фирстова (56 кг.) алтын медальға қол жеткізіп, ел біріншілігінің жеңімпазы атанды. Ересен Қайыргелдин (85 кг.), Әнуар Асқар (69 кг.) және Досым Ержан (58 кг.) екінші орынға көтерілсе, ал Ержан Абылаев (42 кг.), Ұлбике Қасымова (43 кг.), Жансая Сайдуллаева (46 кг.), Виктория Калобулина (70 кг.) және Ұлпан Сулиндинова (40 кг.) үшінші болды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.