Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Айыртау ауданындағы Құспек ауылында сол елді мекеннің тумасы Социалистік Еңбек Ері Күлән Бәкібаеваның құрметіне арналған турнир өтті. Волейболдан ұйымдастырылған жарысқа Ақан, Константиновка, Лобаново, Гусаковка орта мектептерінің әйелдер командалары қатысты.
Турнирдің ашылуында Ақан орта мектебінің оқушы қыздары “Қара жорға” биін билеп, жарысқа қатысушыларға дем беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ақан орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Александр Соложонкин Күлән Бәкібаеваның қысқаша өмірбаянымен таныстырды. Күлән Бәкібаева 1965 жылдан “Ақан” кеңшарында жұмысшы, комбайншының көмекшісі болды. 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол Қазақстан Компартиясының он үшінші және он төртінші съезіне делегат болды. Социалистік Еңбек Ері атанған Күлән Бәкібаеваның есімі Қазақ КСР-нің Құрмет кітабына алтын әріптермен жазылды. 2010 жылы оған Айыртау ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
Турнирде үшінші орынды иеленген Константиновка ауылының волейболшы қыздары 10 мың теңгені қанағат тұтса, Ақан орта мектебінің ойыншылары екінші орынға табан тіреп, 20 мың теңгені ұтып алды. Өзгелерге дес бермей, айқын басымдықпен бірінші орынды жеңіп алған Гусаковканың волейболшы қыздары 30 мың теңгені қанжығаларына байлады.
Аталмыш турнирге Әли Усмановтың басшылығындағы “Исағали” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік жасады. Ол қаражаттың жартысы жүлдегер қыздарға табысталып, қалғанына Ақан орта мектебіне спорттық құралдар сыйға тартылды.
Мақпал ӘЛМАҒАНБЕТОВА,
“Айыртау таңы” газетінің тілшісі.
Айыртау ауданы.