«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРЫС ЖОЛЫНДА – МҰҒАЛІМДЕР

Шал ақын ауданындағы “Аютас” сауықтыру лагерінің негізінде облыстық білім және ғылым саласы қызметкерлерінің 26-шы өңірлік “Мұғалім” спартакиадасы өтті.

Педагог қызметкерлерді бұқаралық спортқа тартуды және сауықтыруды көздеген шараға облыс аудандарының, Петропавл қаласы мектептерінің, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілдерінен құралған 15 команда қатысты. Олар волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, дартс, үстел теннисі және “Көңілді мәре” бойынша тартысты додаға түсті.

Зияткерлік ойындардан қалалық кәсіподақ комитетінің өкілдері алдарына жан салмады. Шахматтан С.Мұқанов пен Н.Рогозина озса, тоғызқұмалақта А.Ескендіров пен Л. Махиня жеңімпаз атанды.  

Үстел теннисі бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілдері И.Голодова мен А.Терехина жеңіс тұғырынан көрінді.

Дартс сайысы аудандық білім бөлімдері басшылары мен кәсіподақтар комитеттері төрағаларының арасында өтті. Онда жинаған ұпай санына қарай бірінші орынды айыртаулық С.Жақыпов пен Ж.Жанқарашева иеленді.

Биылғы жылы команда басшыларының өтініштері бойынша спартакиада бағдарламасына волейбол ойыны қайта енгізілді. Спорттың бұл түрінен сайыс екі күнге созылды. Ақжар, Мамлют, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов атындағы және Мағжан Жұмабаев аудандарының командалары ерекше ойын өрнегін көрсетті. Алайда, Тимирязев ауданының волейболшылар командасы жас ойыншылардан құралғандықтан, қимылдары да шапшаң болып, ешкімге дес бермеді.

“Көңілді мәре” сайысы спартакиаданың соңғы нүктесін қойды. Онда Айыртау, Қызылжар және Шал ақын аудандарының қатысушылары ептілігімен, шапшаңдылығымен, командада ынтымақтаса ойнай білу шеберліктерімен көзге түсті.

Жалпы жинақтаған ұпай қорытындысы бойынша Тимирязев ауданы – 1-орын, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан – 2-орын және Петропавл қаласының құрама командасы 3-орынға табан тіреді.

Спартакиадашылар Сергеевка су қоймасының жағажайында үш күн бойы жарысып қана қоймай, таза ауада көңілді демалу мүмкіндігіне ие болды.

Шал ақын ауданының әкімі Ербол Сағдиев педагогтермен кездесіп, мұғалімдер спартакиадасының ашылуымен құттықтады.

Назымбек ОРАЗЫМБЕТОВ,

облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының

төрағасы.

Суреттері Айгүл сеть Ф.Спартакиада

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp