Бескөл ауылында VI облыстық әйелдер спартакиадасы өтті. Айтулы додаға аудандар мен облыс орталығынан 500-ден астам спортшы қатысып, өзара күш сынасты.
Маңызды шараға ұйымдастырушылар үлкен жауапкершілікпен келді. Әсіресе, “Парасат” мектеп-лицейінің стадионында өткен спартакиаданың ашылу салтанаты қызылжарлықтар мен қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады.
Додалы сайыс алдында “Парасат” мектеп-лицейінің стадионына күрделі жөндеу жасалғанын да айта кеткен жөн. Жүгіру жолдары жөнделіп, көрермен орындары әзірленді. Жағажай волейболына арналған алаң салынды. Тағы басқа да көптеген шаруалар атқарылып, облыстық деңгейдегі үлкен шараны өткізуге дайындық жүргізілді.
Әйелдер спартакиадасына жиналған спортшыларға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова сәттілік тілеп, өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Осыдан кейін салтанатты түрде спартакиаданың туы көтеріліп, алауы жағылды.
Жарысқа қатысушылар спорттың жеті түрінен бақ сынасты. Алаң иелері бұл спартакиадада жақсы өнер көрсетті. Волейболдан, еркін күрестен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Жеңіл атлетикадан екінші орынға тұрақтады, яғни 200 және 400 метрге жүгіру, диск лақтыру, ұзындыққа секіру сияқты спорт түрлерінен спортшылар қоржынға жалпы саны жеті медаль салды.
Спартакиаданың нәтижесі бойынша үшінші орын Айыртау ауданына бұйырды. Екінші тұғырға тайыншалықтар көтерілді. Ал Қызылжар ауданының құрамасы VІ облыстық әйелдер спартакиадасының жеңімпазы атанып, кубок пен 250 мың теңге жүлдеге ие болды.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
журналист.
Қызылжар ауданы.