
Есіл ауданындағы Жарғайың ауылында жаңа мешіт халық игілігіне тапсырылды. Алланың жердегі үйі саналатын ғибадатхананы ауылдың тумасы, бүгінде Алматыда тұратын жеке кәсіпкер Дулат Қалитов өз қаржысына салған. Жаңа нысанның салтанатты ашылуына аталмыш аудан әкімі Мұратбек Әбішев, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, Алматыдан, Астанадан келген меймандар мен қажылар, ауыл тұрғындары қатысты.
Өткенге зер салсақ, Жарғайың ауылында алғашқы мешіт 1853 жылы салынған екен. Ауылда мешіт ашуға ол кезде Данияр би Оразұлы деген ақсақал мұрындық болған. Содан 1930 жылға дейін халық игілігіне жарап келген құлшылық орны артынан бұзылып, материалдарынан мектеп тұрғызылыпты. Арада 84 жыл уақыт өткенде жарғайыңдықтар жаңа мешітке қайтадан қол жеткізді.
– Алланың жердегі үйінің салынуы – бізге ғана емес, көрші ауылдардың тұрғындары үшін де үлкен қуаныш. Мұнда басымыз күнде қосылмаса да, жұма намаздарын исі мұсылман бауырларымызбен бірге өткізетін боламыз, – дейді Жарғайың мешітінің молдасы Бекежан Әбділманұлы.
Бүгінде аталмыш ауылда 35 үй түтін түтетіп отыр. Тұрғындар саны – 100-дің үстінде.
– Мешіт салудағы ниетім дәулетімді көрсету емес, керісінше, ауыл тұрғындарын ата-қонысымызда қалдыру болып табылады. Олардың барлығы үдере қалаға көшсе, ертеңгі күні елде кім қалады? Ата-бабаларымыздың аруақтары иесіз қалады ғой. Осыны көп ойладым. Алайда, жалғыз мешіт те халық жағдайын түземесі анық, сондықтан кіндік қаным тамған жерде келер жылы кәсіпорын ашуды да жоспарлап отырмын. Елде жұмыс болса, ауылдастарым да тұрақтары сөзсіз, – дейді жеке кәсіпкер Дулат Қалитов.
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы салтанатты шараға жиналғандарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының құттықтау хатын оқып, мешіт салудағы істің сауабы қаншалықты екендігін атап көрсетті.
Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев те жамағатты айшықты оқиғаларымен құттықтап, жарғайыңдықтарды қуанышқа бөлегені үшін Дулат Қалитовқа алғысын айтып, алдағы жоспарларының жүзеге асырылуына әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
Ғибадатхана құрылысын толығымен өз мойнына алған Дулат Қалитов осы жылы қажылыққа барып келіпті. Мекке-Мәдинаға жасаған сапарында ол мешітке арнайы үш бірдей “Құран Кәрім” кітаптары мен жайнамаз алғанын айтып, оларын мешіттің бас имамына тарту етті. Артынша жамағатқа Құдайға құлшылық етудің сауаптары мен мұсылманның бес парызы жайында уағыз айтылып, аруақтарға арналып ас берілді.
Мешіттің іргетасы өткен жылдың мамырында қаланған болатын. Бір жарым жылдың ішінде құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілген ғибадатхананың жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайды. Ішінде кітапхана мен асханасы да бар.
Жарғайың мешітін қосқанда қазіргі күні өңіріміздегі мешіттер саны 67-ге жетті. Бұл да тәуелсіздік алғалы бергі қол жеткізген жетістіктеріміздің бірі.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Есіл ауданы.