
Адамзат баласын қанға бөктіріп, қайғы-қасірет сепкен Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 76 жыл толады. Соғыс өрті шарпымаған қазақстандық отбасы жоқ шығар. Қазақтың ұл-қыздары да қолына қару алып, майдан шебіне аттанды. Қаншамасы ұрыс даласында қалды. Жеңіс туын желбіретіп оралғандар соғыстың зардабын жоюға, елдің еңсесін көтеруге атсалысты.
Қан майданға облыстық прокуратура қызметкерлері де аттанған болатын. Архив құжаттары бойынша олардың саны 36 деп көрсетілген. Екеуі аудан прокуроры еді, облыстық прокуратураның 2 бөлім бастығы мен тергеуші, көмекші, есепші болып қызмет атқарған тағы 23 адам қан қасапқа өз еркімен барған. Олардың көбі үйіне оралған жоқ. Ал соғыстан аман-есен оралып, қызмет еткендердің бірі – Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, облысымыздың құрметті азаматы Сапар Дүйсенов еді.
Сапар Дүйсенұлы соғысқа шақырылғанда 16-ға да толмаған бозбала болатын. Жасын үлкейтіп көрсетіп, әскер қатарына алынып, Курск иініндегі қырғынға қатысты. 1944 жылы Оңтүстік Батыс майданында жүргенде ауыр жараланып, елге оралды. Бұл кезде небары 18-де ғана еді. Майданнан оралғаннан кейін заңдылықты сақтау саласында еңбек етті. Алдымен сот отырысының хатшысы, адвокат болды. Кейін прокуратураға ауысып, зейнетке шыққанша 32 жыл бойы табан аудармастан қызмет етті.
Сапар Дүйсенұлы облыстық прокуратураның аға тергеушісі, Сергеев (қазіргі Шал ақын), Мамлют аудандарының прокуроры, Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болды. Осы қызметтен 1974 жылы зейнеткерлікке шықты. Ол еңбек еткен барлық лауазымдарда жоғары біліктілігімен, өз міндетін мінсіз орындауымен, адамдарға қамқорлық көрсетуімен ерекшеленді. Жас қызметкерлерге әрдайым көмек көрсете білді. Соғыстағы ерлігі үшін 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Оның жауынгерлік марапаттарына Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасы, “КСРО прокуратурасының құрметті қызметкері”, “Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері” атақтары, КСРО Бас прокурорының және Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Алғыс хаттары қосылды.
Құрметті зейнет демалысында болса да, Сапар Дүйсенұлы қоғамға пайдалы болуға тырысты. Ол жастармен жиі кездесетін, оларға ақыл-кеңесін айтатын. Осыдан бір жарым жыл бұрын өмірден озған Сапар Дүйсенұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде сақталады.
Шолпан АБДРАХМАНОВА,
облыстық прокуратура
аппаратының басшысы.