Облыс жастарына кәсіптік бағдар және психологиялық көмек беру
айлығы аясында Қызылжар ауданында ауыл шаруашылығы мамандықтарына арналған форум өтті.
– Ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – оқушылардың мамандықты дұрыс таңдауына ықпал ету. Аудандық кәсіпкерлер палатасы, білім және мәдениет бөлімдерінің атсалысуымен өткен мұндай форумның 9-сынып түлектері үшін маңызы зор, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ирина Торопова.
Шараға қатысқан облыстағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының өкілдері ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша қолда бар ақпараттарымен бөлісіп, бюджеттік негізге оқуға түсу мүмкіндіктері мен жүргізілетін таңдау шарттары туралы айтты. Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Серік Жұмағалиев жиында білім ошағының тарихы туралы әңгімеледі. Балалар ондағы мамандықтар туралы жан-жақты мағлұмат алды. Аталмыш колледжде ең алғаш ветеринария мамандығы 1941 жылы ашылды. Серік Жұмағалиевтің айтуы бойынша, колледж ашылған уақыттан бері ветеринарлардың үлкен шоғыры даярланды. Қазіргі таңда бұл мамандықта 100-ден астам студент білім алуда. Оқу бітірген түлектерге “Ветеринар фельдшер” біліктілігі беріледі. Бүгінгі күні аталмыш сала мамандары еңбек нарығында сұранысқа ие.
Маңызы ерекше шараға қатысушылар риза болып тарқасты. Білім алушылардың қызығушылығын оятқан форум болашақ мамандарға жол сілтеп, дұрыс таңдау жасауларына ықпал етері сөзсіз.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.