«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ” ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейінде жалпы білім беретін оқу орындарының қазақ және өзге ұлт өкілдері оқушыларының арасында қазақ тілінде өтетін республикалық “Жарқын болашақ” олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. 5 бағытта өткен сайысқа 120 үміткер қатысты. Оның 37-сі – өзге этнос өкілі.

“Сөз шеберлері” бағыты – қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың қазақ тілінде мәнерлеп оқып, өзіндік қабілеттерін көрсететін жарысы. Сайыс шарты бойынша қатысушы 1 шығарманы (прозалық немесе поэзиялық) немесе одан үзіндіні жатқа мәнерлеп оқуы тиіс. Шығарманың тақырыбы ұлттық құндылықтарды (тарих, тіл, Отан, ұлттық тәрбие, т.б.) насихаттауға бағытталды. Оқушының мәнерлеп сөйлеу машығына, сөздердің анық айтылуына, сөздің мәнін жете түсінуіне назар аударылды. Аталмыш бағытта Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Жаманшұбар негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Мерейхан Мұқашев пен Ақжар ауданының Новосел негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Александра Серова 1-орынды иеленді.

“Тілші-әдебиетшілер” бағыты бойынша қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетінен білімдері сыналды және осы пәндерді терең меңгерген оқушылар ынталандырылды. Мамлют санаторлық мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Жадыра Амангелді мен №1 Мамлют мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Камила Арасанова 1-орынға лайық деп танылды.

“Әнші-бұлбұлдар” бағытындағы сайыста қазақ халық әндері мен қазақ сазгерлерінің шығармалары насихатталып, талантты жастар анықталды. Бұл сайыста Тайынша ауданының №5 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Аружан Сүлейменова мен Қызылжар ауданындағы Большая Малышка орта мектебінің 8-сынып оқушысы Вероника Марушкина үздік шықты.

“Жас ғалымдар” бағытында қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты бір тақырыпты қазақ тілінде ғылыми тұрғыдан түсіндіру қабілеті бағаланды. Ғылыми жоба тақырыбы қазақ тілі мен әдебиетіне (тарихы, теориясы, өзекті мәселелері, т.б.) қатысты болуы керек. Жобаны қорғаушының тіл табиғатын сақтап жеткізуі, тың тақырыпты таңдауы, жаңалығы бағаланды. Ғылыми жұмыс стандарттағы ғылыми жобаның жазылу шарттарына сәйкес дайындалуы керек. Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 11-сынып оқушысы Сағындық Сәрсеков осы талаптарға сай болып, 1-орынды иеленді.

“Жазушылар” бағытында жасөспірімдерді отансүйгіштік, ерлік, қаhармандық рухында тәрбиелеу, жазуға талапты балалардың қабiлет-қарымын ұштау, қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, шығармашылық ізденіске жұмылдыру көзделді. Оқушылар өз ойларын қара сөзбен және өлең түрінде жазды. Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінің 8-сынып оқушысы Дәулет Құрмаш пен облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы Галина Калашникова озық болды.

Гүлмайда МҮСЕТАЕВА,

облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық-технологиялар орталығының әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp