«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖЕТКІЗЕТІН ЖОЛ

Биылғы 2015 жыл мемлекетіміздің саяси және тарихи өмірінде ерекше маңызды оқиғаларға толы. Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да кемел саясатының арқасында оның «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға қол жеткізетін бес институттық реформамен таныстық. Соның ізін шала осы 5 реформаны орнықтырудың 100 қадамы анықталды. Реформалар еліміздің жаңа биікке өрлеуінің кезекті маңызды белесі екені анық.

Елбасы Президент сайлауы қарсаңында Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіруіне жеткізетін осы аса маңызды бағдарламаны жариялады. Ұлықтау рәсімінде елімізде бұрын болмаған жаңа ұйым – Модернизациялау жөнінде ұлттық комиссияның құрылуы туралы айтылды. Мемлекет басшысы өзінің стратегиялық ой-жоспарларының жалғасы болып табылатын, мемлекеттің мәртебесін еселейтін тың жоспар – «100 қадамды» ұсынды.

Бағдарламада ерекше назар аударатын жағдай – қоғамда бірлік және азаматтық біртектілікті қалыптастыру жолдары мен тетіктері анықталып көрсетілген. Тарихи сананы қалыптастыру арқылы білім беру мекемелерінде оқу бағдарламаларына «Мәңгілік Ел» идеясының басты құндылықтары енгізіледі. «Мәңгілік Ел» патриоттық жобасын әзірлеу және ұлттық идеясын қайта жаңғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін ежелгі дала империяларының мұрагері, көне мемлекеттілік дәстүрлердің жалғастырушысы етіп жариялауда. Түптің-түбінде, бүгінде айтып жүрген «Мәңгілік Ел» ұғымы – біздің озық, ықпалды мемлекет бола алатынымыздың дәлелі. Себебі, қазіргі заманда тек белсенді, қуатты мемлекет қана жаһандық сын-қатерлерге төтеп бере алады. Бұл орайда ел тарихындағы ұлы кезеңдердің өлшеусіз игілігі бар. Өйткені, олар азаматтардың бойында тарихи біліктілікті орнықтырады, қоғамдық сананы жетілдіреді. Осындай кезеңдер – Қазақ хандығының биылғы 550 жылдығы, 2016 жылдағы – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, 2017 жылдағы Алашорданың 100 жылдығы және Түрік қағандығының 1465 жылдығы сияқты елеулі оқиғалар.

Елбасының Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену қажеттігі жөніндегі сөздері – ұлтты, халықты алға бастайтын, бәсекеге қабілетті болуға міндеттейтін стратегиялық жоспар. Ұлт жоспарының 86-қадамында «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру туралы айтылған. Бұл шаралар қазақстандықтардың біртектілігін нығайтады және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай жасайды. Президенттің осы сара жолдағы маңызды бастамасы, әлемдік тәжірибеде бұрын болмаған оқиға – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. 2014 жылдан бастап біздің университетімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды. Үстіміздегі оқу жылында студенттерге арналған «Этноконфессиялық келісімінің Қазақстандық моделі» атты жаңа пән оқытылып келеді. Курстың басты мақсаты – жастар арасында толеранттылық, достастық, ынтымақтастық сезімдерін қалыптастыру. Біз мұның маңыздылығын жақсы сезінеміз, өйткені оқу орнымызда 60 ұлт өкілдері білім алуда.

«100 қадам» жоспарында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын және «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер», «Алтай інжулері», «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту», «Каспий қақпасы» өңірлік мәдени-туристік кластерлерін құру міндеттері қамтылған. Осы маңызды шаралар нәтижесінде жастардың бойында патриотизм, отансүйгіштік сияқты қасиеттер қалыптасатыны сөзсіз. Сонымен қатар, азаматтық біртектілікті нығайтудың маңызды тетігі ретінде «Менің Елім» атты ұлттық жобаны жүзеге асыру қарастырылатын болады. Бұл ретте біз студенттеріміздің жеке өзіміздің өңіріміздің ғана емес, бүкіл Қазақстанның тарихын жетік білуіне басты маңыз береміз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақ даму туралы терең ойлары бірде-бір азаматты бейжай қалдырмайды. Әсіресе, маңызды мемлекеттік бағдарлама – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын орнату алға басуымыздың тірегі. «100 нақты қадамда» Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілетуге үлкен маңыз беріліп отырғанын байқаймыз. Осыған байланысты басты мақсат – жас қазақстандықтарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құрастыру. Жастарға тәлім-тәрбие беру, білім саласын дамыту, жас мамандарды еңбекке орналастыру, жастардың кұқықтарын кепілдендіру үшін жағдайлар жасалады. Оны тиімді пайдалану үшін жастарға қойылатын міндеттер қатарына әлеуметтік сылбырлықтан бас тарту, масылдық психологияға жол бермеу, жастардың кәсіби біліктілігін үнемі арттыру міндеті жүктеледі. Елімізді өрлету үшін еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім және басқа да кәсіптік қызметтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандықтардың алға басуына жағдай жасалуға тиіс.

Өңіріміздің білім және ғылым орталығына айналған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жүзеге асырылып отырған істер Елбасының тапсырмаларын ойдағыдай орындау мақсатына бағытталған. 2014 жылдан бастап университет ғалымдары «Заман таспасы» атты интернет-жобаны жүзеге асыруда. Жобада ежелгі дәуірден бастап, қазіргі уақытқа дейінгі кезең қамтылған. Өлкеміздің тарихи оқиғалары, атақты тұлғалары туралы қызықты мәліметтер орналастырылған.

Біз заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатымен жоғары оқу орындарында «Құқықтану» мамандығы бойынша сапалы білім беру үшін бақылауды күшейтуге тиіспіз.

Индустрияландыруды дамытудағы құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін «Құрылыс» мамандығы бойынша бағдарламаға енгізу көзделіп отыр.

Өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «Ғылыми және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданғаны құптарлық.

«100 нақты қадам» Ұлттық жоспары бойынша білім беру жүйесінің алдында тұрған тағы бір өзекті мәселенің бірі – үштұғырлы білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу. Алдымызда тұрған міндетіміздің бірі – заман талабына сай көптілді топтардың санын көбейту. Университетте студенттерді ағылшын тілінде оқытуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Биылғы оқу жылында көптілді білім беру төрт факультетте қолға алынды.

Қоғамдағы болып жатқан жағымды өзгерістерге сыни көзбен баға бере отырып, бүгінгі күні мемлекетімізде озық елдер қатарына қосылуына барлық мүмкіндіктердің бары анық. Қоғамның ілгері басуының 5 реформасы мен 100 қадамы айқындалды. Оны жүзеге асыру үшін барлық мекемелер мен ұйымдар, әрбір азамат ғылыми негізделген, жан-жақты талқылаудан өткен, ұзақ мерзімге арналып жоспарланған мемлекеттік саяси тұжырымдаманы орындауға тиіс.

Бәріміз бірігіп бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарсақ, алмайтын асу болмас. Ұлт жоспары – 100 қадам бірліктің, ынтымақтастықтың, білімділіктің нәтижесінде іске асатыны сөзсіз.

Оңдасын ӘШІМОВ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp