«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА НЫҚ ҚАДАМ

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында тәуелсіздік жетістіктерін еселеп, ел дамуын жаңа сапалы кезеңге шығару мүмкіндіктерін іске асыруды, соған орай жүйелі реформалар жүргізуді жұмысының негізгі бағытына айналдыратынын айтқан болатын. Үстіміздегі айдың басында жариялаған Жолдауының мазмұны, ең алдымен, Мемлекет басшысының өз ұстанымына берік адам екенін көрсетті. Мемлекет басшысы жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес жүзеге асуы тиіс екенін тағы да қадап айтты. 

“Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси жүйесін тұрақтандырудан бастап кең көлемді әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын қарастырады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін еместігін айтады. Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет. Бұл мақсатқа жетсек, елде тұрақтылық негізі қаланды деген сөз. Әрбір елдің дамуы алдымен оның оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуімен байланысты. Жолдауда шағын бизнесті дамыту, салық механизмдері арқылы салаға түсетін салмақты жеңілдету және отбасылық кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арнайы тарау арналған. Президент шикізатқа бағытталған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды ұсынды. Бұл орайда “білім эконо­микасы”, еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналуы тиіс делінген. Ендеше, білім беру саласы да заманауи талаптарды қанағаттандыра аларлықтай деңгейге шығуы тиіс. Еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті өзінің даму жоспарына сәйкес қазіргі уақытта сұранысқа ие мамандарды даярлауға ден қойып, білім беру жүйесін жаһандық стандарттарға теңестіруді қолға алды. Бұған соңғы жылдары оқу орнында ашылған жаңа факультеттер мен мамандықтар, мықты материалдық-техникалық база да дәлел бола алады. 

Жолдауда цифрлық экономика мәселесі де көтерілді. Президент ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымдардың даму деңгейі бойынша өңірлердегі көшбасшылықты нығайту қажеттігін айтты. Бұл міндетті орындауға өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де атсалысып келеді. Мәселен, 1-ші қыркүйек күні біздің университетте заманауи ІТ-орталықтың тұсауы кесілді. Ол студенттердің білім алу процесімен қатар, мектеп оқушылары мен өзге де қала тұрғындарының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі біліктілігін арттыру үшін де қызмет ете алады. Яғни, бұл орталықта “Цифрлық Қазақстан” жағдайында білім алып, жұмыс істеуге үйрететін оқыту курстары жүргізіледі. 

Жолдауда білім беру жүйесіне, оның ішінде білім сапасын жақсартуға қатысты түйткілді мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысы алдымен еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін құру қажеттігін атап көрсетті. Жастардың қарым-қабілетін мектеп кезінен-ақ айқындап, тиісті бағдар беру тетігін қалыптастыру аса маңызды. Көптеген мемлекеттер осының арқасында өздерін ең қажетті мамандармен қамтамасыз етіп отыр. Біздің елімізде, әсіресе, экономиканың түрлі секторында техника саласы мамандарының жетіспеушілігі айқын сезіледі. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыртып жүр. Мұндай келеңсіз жағдайды түзетуге өзіміздегі жоғары оқу орындары да атсалысады. Ол үшін қазіргі уақытта әлемдік білім беру бағдарламаларын трансформациялау, тиімді менеджмент әдістерін қолдану мүмкіндіктері артып келеді.

Жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – ұдайы назарда жүретін мәселенің бірі. Универси­тетімізде ашылған “адалдық алаңы” кез келген азаматтың өтініш-арызы бойынша жұмыс істеуге әзір екенін айта кеткім келеді.
Университет ұжымы алдындағы үлкен міндет ол, әрине, түлектеріміздің жұмыспен қамтылып, өмірден өз орнын табуына атсалысу болып табылады. Осы мақсатпен біз тікелей салалық басқармамен ғана емес, аудандардағы білім мекемелерімен де тығыз байланыс орнаттық. Көптеген кәсіпорындармен әріптестік қарым-қатынас құрдық. Бүгінде ел жастарының ауылда жұмыс істеуге деген қызығушылықтарын арттыруға “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасының септесіп отырғаны белгілі. Жалпы ауылды көркейту ұзақмерзімді стратегиялық міндеттердің қатарында қала беретінін атап көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш бағдарламаның аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажет екенін жеткізді. Осылайша, ол Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырды.
Президент Жолдауында жас буын үшін спорт инфрақұрылымының барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді де міндеттеді. Бұқаралық спортты дамытуға өзіндік үлесімізді қосу үшін СҚМУ қалашығының аумағында түрлі жаттығу құралдары бар Воркаут алаңын аштық.
2020 жылы “Волонтер жылы” деп жарияланғаны баршаға мәлім. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бұл еліміздегі азаматтық қоғамды нығайту үшін аса маңызды шара болмақ. Еріктілер қызметіне жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейтуді біз өзіміздің тікелей міндетіміз санап отырмыз. Сондықтан университетіміздегі студенттік өзінөзі басқару комитеті еріктілер отрядын құру, міндеттер аясын белгілеу бойынша жұмысты дереу бастап кетті. Еріктілер қозғалысына жастарды көптеп тарту үшін арнайын ынталандыру шаралары да қарастырылатынын айта кеткім келеді.
Сексен жылдан астам тарихы бар білім ордасының бүгінгі ұстанымы – мемлекетке көп сенім артпай, өзінөзі дамытудың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, түрлі салада сұранысқа ие жаңа буын мамандарын даярлау. Бұл бағытта біз еліміз бен шетелдердің үздік оқу орындарымен тәжірибе алмасу, оқытудың озық тәсілдерін енгізу шараларын үзбей жалғастырып келеміз. Сонымен қатар студенттер мен оқытушыларға қолайлы жағдай жасауды да басты міндеттеріміздің бірі санаймыз. Президент ел бюджеті екі негізгі мақсатқа – экономиканы дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатынын айтты. Соның арқасында келер жылдан бастап ұстаздар мен мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріліп, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларын дамытуға қомақты қаражат бөлінбек. Мұның бәрі – елдің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан игі бастамалар. Ендеше, Жолдау міндеттеген тапсырмаларды орындауға бәріміз қолымыздан келгенше атсалысайық.

Серік ӨМІРБАЕВ,
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp