
Жақында Алматы қаласында Қазақстан халқының этникалық-дәстүрлі медицинасына арналған «Ұлы дала емі» атты І Ұлттық конференциясы өткен болатын. Айтулы шараға қатысқан жерлесіміз, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты невропатолог дәрігер Сәуле Макина дәстүрлі медицинаны дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы медальмен марапатталды.
Қазақстан мен Польша, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Пәкістан сияқты бірқатар елден қатысқан делегаттар дәстүрлі медицина әдістерін жаңғырту бойынша өз ойларын ортаға салды. «Комплементарлық және дәстүрлі халық медицинасы мамандарының қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиында жоғары санатты дәрігер Сәуле Кәрібайқызы биорезонанстық терапия туралы баяндама жасады. Ол этникалық-дәстүрлі медицинаға қатысы бар сала мамандарының басын қосқан ауқымды шара рухани құндылықтарды, этникалық-дәстүрлі медицина әдістерін жаңғыртуға ықпал ететінін жеткізді.