«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН ӨМІР КІЛТІ

Үстіміздегі жылғы 5 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауын тыңдадық. Маңызды құжатта елдің күнделікті тұрмысын жақсарту үшін жаңа бастамалар, тың жобалар қолға алынатындығы айтылды. Денсаулық сақтау, білім беру, жастар мәселесі жан-жақты қамтылғаны көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Алдағы уақытта ұстаздардың қағазбастылықтан құтылып, мәртебелері заңмен айқындалатыны кешегі мектеп түлегі мені де қуантты.

Тәлімгерлердің басты міндеті саналы, озық ойлы шәкірт тәрбиелеу емес пе?! Ал қағазбастылық оның қолын бөгейді. Сондықтан елдің ертеңі – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жауапты адамның алаңсыз қызмет атқаруына зор мүмкіндік берілгелі отыр.

Елбасы мектептегі оқушыларды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу ерте бастан жүргізілуі қажеттігін де айтты. Шынымен де, мектеп түлегі болашақ мамандықты жүрек қалауымен таңдағаны жөн. Ал оған жол сілтейтін – ата-анасы ғана емес, ұстаздары. Егер ол бұл жолға үлкен дайындықпен, адаспай келсе еш өкінбейтін болады. Әрі мұғалім мен оқушы өзіне қажеттіні ғана меңгеріп, пайдасы жоқ ауыр жүктен арылады.

Президент Жолдауында айтылғандай, алдағы уақытта жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман даярлау сапасына талаптар күшейеді. Өте орынды мәселе. Енді ақшаның күшімен еш қиындықсыз жоғары оқу орнын бітіріп шығатындардың саны азаятын болады. Сырттай оқу бөлімдері жабылады. Жоғары білімі бар адам сол сенім үдесінен шығу үшін кәдімгідей тер төгуі тиіс. Бұл бастама еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, табысты болашаққа жол сілтейді деп ойлаймын. Нарықта жоғары сапалы білім беретін университеттер ғана қалады. Сонымен қатар әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік нығаятынын естіп, қуанып жатырмыз.

Бүгінгі күні М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Үндістаннан, Қытайдан жастар келіп, білім алуда. Бұрын “Болашақ” бағдарламасы арқылы ғана шетелде оқуға мүмкіндік болса, енді әріптестік аясында да білім көкжиегін кеңейте аламыз.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бағындыратын биігі әлі алда екенін айтып отырады. Дамыған отыз елдің қатарына қосылу – бүгінгі күні елдік мұратқа айналған арманымыз. Ал бұл жолда жастар өз білімдерімен сенімді ақтауға тырысулары керек. Барлық замандастарымның атынан жарқын болашақ үшін аянбаймыз деп сөз беремін.

Алина НҰРТАЗИНА,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 1 курс студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp