«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жар таңдауда жаңылмаңыз

“Үйлену оңай, үй болу қиын” деген дана сөзді дуалы ауыз тегін айтпаған болар. Отбасылық өмірге аяқ басу – үлкен жауапкершілікті қажет ететін қадам. Сондықтан да шаңырақ көтерер алдында балалардың алдын ала ойланып, ата-анамен ақылдасқаны дұрыс. Қазіргі таңда жар таңдау кезінде көптеген жігіттер мен қыздар жүрек қалауын ғана тыңдап, ата-аналарының сөзіне мән бермейді. Таныстыру арқылы үйлену деген ойды көптеген жастар ескінің сарқыншағы деп ойлайды. Осы жайында біздің оқырмандар не ойлайды екен, тыңдап көрейік.

Ақық Кенжеғұлова, 62 жаста:

– Баланың үйленуі, қыздың тұрмысқа шығуы бұл түсіне білген адам үшін жауапкершілігі мол шаруа. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл жауапты істің тізгіні толықтай жастардың қолына өтті деуге болады. Ұлдар да, қыздар да өздері таңдаған жұптарымен қол ұстасып, отау тігіп, өздерінше өмір сүруге талпынуда. Бір жағынан алып қарағанда, бұл да жақсы шығар. Бірақ, мұндай шешуші кезде болашақ жар таңдауға ата-ананың, үлкендердің араласқаны дұрыс. Егер жастарға ерікті беріп қойып, қарап отыратын болсақ, ертеңіміз не болмақ? Жастар бүгін танысса, ертесіне үйленіп жатады. Бұл да дұрыс емес. Асығыс жасалған таңдаулардың нәтижесінде ажырасу да белең алуда. Мұның барлығын баласына бақыт тілеген ата-ана, әрине, қаламайды. Сондықтан да, менің ойымша, ата-ана келінді өздері таңдаса жақсы болады. Бұл сүймеген адамға келісімсіз қосу деген сөз емес. Керісінше, болашақта көңілдері жарасып кететіндей, жақсы жар таңдауға көмектесу.

Дәметкен Жұма, 22 жаста:

– Болашақ жар таңдау ісіне ата-ананың араласқанын қаламаймын. Меніңше, бұл жастардың қалауымен жүзеге асуы тиіс. Ата-анаң таңдағанымен өзіңе ұнамаса, ондай адаммен қалай ғана тұрмыс құрасың? Жүрекке әмір жүрмейді. Сондықтан да екі жастың шешімі қандай болса да, ата-ана оларды қолдап, ақ баталарын берсе дұрыс болады деп ойлаймын. Жар таңдауға араласу бұрынғының сарқыншағы. Қазір заман өзгерді. Техника, технология күн санап дамып келеді. Жастар ата-ананың таныстырғанына, “Бесік құда” сияқты ырымға мән бермейді. Өздері танысып, жарасып, кейін үйленуге бел буады. Бұл жерде бастысы жастардың бақытты болуы емес пе? Олай болса, таңдауды өздері жасасын.

Ырымкеш Валиева, 49 жаста:

– Мен ата-анамның жалғыз қызымын. Қашанда жағдайымды жасауға тырысқан ата-анам оқытып, қатарымнан қалдырмауға қолдан келгеннің барлығын жасады. Тұрмыс құратын кез келгенде анам мен әкем текті жерден шыққан жақсы азаматпен таныстырғылары келетін ойларын жеткізді. Шыны керек, бірінші естігенде, келіспедім. Бірақ, ойлана келе, үлкендердің сөзін жерге тастай алмадым. Сөйтіп, болашақ жарыммен біраз уақыт араласып жүрген соң, оның мейірімді, сөзге берік адам екеніне көзім жетті. Бүгінде отбасын құрғанымызға 20 жылдан асты. Үш баламыз бар. Жас кезімде маған ақыл беріп, жақсы азаматпен отау құруға өзіндік үлес қосқандары үшін ата-анама алғыс айтамын. Қазір қызым да тұрмыс құратын жасқа жетті. Онымен үнемі сырласып, білгенімді, өмірден көргенімді айтып отырамын. Болашақта жанын түсініп, қиын кезде қорған бола алатын жақсы жігітпен таныстырып, ұзату да жоспарда бар. Әрине, қалау өзінде, бірақ, біз оған тек қана жақсылық тілейміз. Қызымның білмейтін біреуге тұрмысқа шығып, кейін өмір бойы қиналып жүргенін қаламаймын.

 

Гүл Көпжасарова, 53 жаста:

– Негізінде мамандық және жар таңдағанда жаңылыспау керек. Ол үшін мұндай жауапты іске келгенде ата-анамен ақылдасқан дұрыс. Отбасын құру жауапты қадам. “Мен өзім білемін, кімді қаласам, соған үйленем” деген оймен өзінікін жөн санап, асығыс үйленудің соңы көп жағдайда өкінішті аяқталып жатады. Әрине, үйлену жастардың таңдауынан туындайтын қадам. Бірақ, бір мезгіл ата-ананың да сөзіне құлақ түру керек. “Өзім білемін” деген ойдың салдарынан қазір қоғамда жалғызбасты аналар, тірі жетімдер саны көбейіп келеді. Азаматтық неке деген сөз тіркесі де санамызға сіңіп кеткелі қашан? Бұлардың барлығы ата-ананың ақылын тыңдамаудың нәтижесінде орын алып отырған оқыс оқиғалар. Қарап отырсам, қазір жастар өздері бәрін ойластырып болған соң ғана ата-аналарына үйлену туралы ойларын жеткізеді. Олар болса, несие алып, қарызға батып, той жасап берумен ғана шектеледі. Арада біраз уақыт өткен соң, мінездері жараспаған кейбір жастар ақыры ажырасып тынады. Міне, егер ата-ана баласына алдын ала жақсы жар таңдауға атсалысса, той әурешелігі де текке кетпес еді.

Сауалнаманы жүргізген

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp