«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

“Кезінде америкалық үндістердің көпшілігі түрлі басқыншылар арқылы өз жерінен қуылды немесе жойылды. Тегі үндіс бір кинорежиссерге “Байлық бақыт болып санала ма?” – деп сұрақ қойылады. Бұған ол: “Өзімде және өзгелерде бар бүкіл байлықты халқымның біркүндік тәуелсіздігіне берер едім”, – деп жауап қатыпты. Қазақстанның тәуелсіздігі – өте қасиетті ұғым. Бабалардың аңсағаны біздің буынның бақытына келді. Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезеңде оған негіз қаланды, біз бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз”. Бұл – оқығанда әрбіріміздің өне бойымызға, алпыс екі тамырымызға қан жүгіртіп, жүректі тебірентетін, көңілді толқытатын, халқымыздың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Осылайша, сұғын қадаған сұқ көздердің біздің теперіш пен нәубеттен, өзгеге қамқорлық көрсетуден, ізгілік жасаудан, өнеге мен тағылымдардан құралған, жаспен жуылып, тасқа жазылған төл тарихымызға қатысты сумақы сөздерге жауап берілді. Қазақ хандығының құрылғанының 550 жылдығы мерекесін атап өту қалың қазақтың мерейін тасытты.

Алтын Ордадан бөлініп шығып, дүйім қазақтың туын көкке көтерген Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының іргесін қалады. Одан кейін тағдыр бізді сан сынаққа салса да, үш ғасыр бойы тарихымыз бен ар-ұятымызды аяққа таптаса да, мың өлтіріп, мың тірілсек те, әу баста бостандықтың қадірін білген халқымыз ақыры азаттығын алды, егемендігін еншіледі. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту егемендікті сыйлаған ата-бабаларымыздың еңселі істеріне деген құрметтің көркем көрінісі болса керекті. Осыдан кейін елімізде, өңірімізде орын алып жатқан кез келген келелі басқосулардың, іс-шаралардың барлығы осы маңызды мерекенің төңірегінде атқарылуда. “Біз тыныштықты жанымызбен сүйген” халықпыз деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан халқымыз, расында, бодандыққа бағынбайтын абзал басымен бейбітшілікке ұмтылғанын сан мәрте дәлелдеді. Ешкімге соқтықпай, жай жатқан халық екендігін тарихтың талай бедерлерінен аңғаруға болады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, саясаттың салқыны тиіп, қазақ сахарасына келген өзге этностарға тілің, дінің басқа деп бетінен қақпай, керісінше, есіктегі басын төрге сүйреп, қуана қарсы алды. Мұның барлығы біздің халқымыздың әлемдегі ешбір ұлтқа ұқсамайтын өзіндік келбетін атой салып айтатындай. Әлімсақтан жақсылықпен тыныстап, ұл-қызының бақыты үшін аянбаған халқымыз кіршіксіз ниетінен туған әрбір әрекетін бір Аллаға салып, “Құдайдан қайтар” дейді екен. “Атанікі – балаға мирас” демекші, бұл көрініс бүгінгі қазақ жастарының да бойынан кездесетінін көптеген жиындарда аңғарып-ақ жүрміз. Дархан дала көңілді қазағымның “Құдайдан қайтты” дегені осы шығар. Шүкір, егемен ел атандық. Кезінде өзімізге өгей болған шұрайлы жерімізбен, ардақты ана тілімізбен, ғұрыпты ата дінімізбен қауыштық. Азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қызғыштай қорғайтын Ата Заңымыз зайырлы, демократиялық мемлекетіміздің басты тірегіне айналды. Тәуелсіздікпен төл қуаныш болып жеткен Негізгі Заңымыздың қабылданғанына да биыл 20 жыл толып отыр.  

Адамзат атаулының өткен тарихына оралсақ, әділдікті найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен орнатқан адам кемде-кем, тіпті, кездеспейді де. Есесіне ел болып қабылдаған заң аясында орнаған әділдік тарихтан ойып тұрып орын алады. Әз Тәукенің “Жеті жарғысы”, “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” атты заң жинақтары болғанын тарихшылар ғана емес, бүкіл халық біледі. Халық мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тура билеріміздің, әз хандарымыздың көксегендері “Әлем күйрегенімен, әділеттілік жасасын” дегенге саяды. Сондықтан да, тәуелсіздікке қол жеткізген бес жыл уақыттың ішінде екі Негізгі Заңымыз өмірге келді.

1995 жылы халқымыз өзінің талғам талқысынан, ой таразысынан өткізіп, қабылдаған басты құжаты – Ата Заң жасампаздықтың жаңылмас жарғысына айналып, бүгінде әрбір Қазақстан азаматының қайнар бастауы болып үлгерді. Олай деуіміздің себебі де бар, “көптің сөзі – киелі” деп иланған халқымыздың таңдауына айналған Конституциямыздың авторы бір немесе бірнеше адам емес, бүкіл Қазақстан халқы. Біз ел тізгінін ұстаған ағаларымыздың, әпкелеріміздің, ата-аналарымыздың дұрыс шешімдерінің арқасында өркениеттің шыңына ұмтылып, осы арқылы ынтымағы жарасқан, бағдары айқын, келешегі кемел елге айналып келеміз. “Конституция біздің бостандықтарымыздың негізіне айналды. Біздің Конституцияның берген басты құқығы – таңдау құқығы, басқаша айтқанда, өз өміріңнің қожасы болу кез келген қазынадан бағалы”, – деген Мемлекет басшысының сөзі биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін дәл айқындайды. Иә, елдік деңгейде жүзеге асырылып жатқан әрбір іргелі істің барлығы осыны айғақтайды. Айбарлы Ата Заңымыздың негізгі маңызы сол – Қазақстанның әрбір тұрғыны күнделікті өмірде өзінің құқығын қорғау үшін жүгінеді. “Тілің басқа, түрің жат” деп жатырқамаған халқымыз жүз отыздан аса этнос өкілдерін бауырына басып отыр. Еліміздің тыныштығы мен егемендігін сақтауда, бірлігіміздің бекем болуында орны зор Ата Заңымыздың арайы менің де шабытымды шалқытады:

 

Арманымды ақ параққа қашаған,

Қасиетіңнен айналайын Ата Заң!

Ешкім аттап кетпеу үшін арымды,

Ешкім даттап кетпеу үшін барымды.

Жүрегіме жалын берді Жасаған!

Тағдыр талай тезіне сап қаңғырдым,

Қаңғырдым да өзегімді талдырдым.

Балам білмей қалмасын деп тарихын,

Балбал тасқа қашадым да қалдырдым.

Сонда жатыр мұраттарым мұнарлы,

Тағдыр жолым тайғақты жол, тұманды.

Кесір кезең суырса да қолымнан,

Жүрегімнен тастамадым Құранды.

Арманыма сүрлеу салған арымен,

Нар жүгіндей намысымен, зарымен.

Жүріп келем бала көңіл халқымның,

Даладайын бұлтартпайтын Заңымен.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp