Біздер, қазақстандықтар, өз астанамызды мақтан тұтамыз. Әрине, кез келген елдің азаматтары өздерінің бас қаласын сыйлауы, ардақтауы тиіс, онда тұрған өзгеше ештеңе жоқ. Алайда, біздің Астанамыз – ерекше үлгі, тамаша құбылыс. Ол өте жылдам шапшаңдықпен, бүкіл еліміздің көз алдында облыстық деңгейдегі шағын ғана қаладан бүгінде халықаралық беделі зор қарқынды өсіп келе жатқан заманауи ірі мегаполиске айналды.
Астанаға барған сайын қаланың жылдам өсіп келе жатқанына таңғаламын және сүйсінемін. Оның қайталанбас көрікті сәулеті мен кең тынысты рухы – болашаққа ұмтылған қуатты серпін. Ондағы өмірдің қайнап жатқанын Сарыарқаның саф самалынан, оның төсіндегі тыныс-тіршілігінен сезінуге болады. Қалада жастар өте көп. Қаланың тамаша көркі кімді болсын тамсандырмай қоймайды. Мұнда ұсақ-түйектің барлығы ойластырылған. Астана әлемдегі ең жас астана болып табылады, сөйте тұра дүниежүзіндегі ең үздік 30 қаланың қатарына енеді. Бұл – біздің мемлекетіміздің болашаққа қадам жасаған қуатты серпіні мен үдемелі өрлеуінің тамаша көрсеткіші.
Астана – біздің Президентіміздің туындысы, Елбасымыздың мәңгілік тарихта қалар бірегей жобасы. Ол бүгінде біздің нығая түскен Тәуелсіздігіміздің және зор экономикалық дамуымыздың, жаңаша құрылуымыздың нышанына айналды. Бүгінде Астанада еліміздің әр өңірінен жиналған бастамашыл, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар шоғырланған, солардың тегеурінді күш-қуатының арқасында серпінді жобалар жүзеге асырылуда. Оған атсалысып жүргендердің қатарында біздің жерлестеріміз де көптеп саналады.
Астана – маңызды саяси, мәдени, ғылыми-ағарту орталығына айналды. Өзінің қысқа ғана 17 жылдық тарихында біздің жас астанамыз ЕҚЫҰ саммиті, Астаналық экономикалық форум, Азиада спорттық ойындары секілді маңызы орасан зор әлемдік оқиғаларға бірнеше рет қатысты. Елордамызда әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, ірі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. Осының бәрі – біздің еліміздің әлемдік деңгейдегі беделі мен танымдылығының айғағы, елдің асқақ рухы мен ажырамас берік бірлігінің көрсеткіші. Қазір Астана халықаралық “ЭКСПО – 2017” көрмесіне даярлануда, ол адамзат болашағы үшін шын мәнінде айтулы уақиға болмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформа мен оларды жүзеге асыруға арналған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жариялады. Тұңғыш Президентіміз ұсынған осынау шын мәніндегі халықтық реформалардың басты мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмірінің сапасын жақсарту. Біздің әрқайсысымыз осы ұлы жоспарды жүзеге асыруға қолымыздан келгенше атсалысуға міндеттіміз.
Қайырлы ЕДІРЕСОВ,
облыстық мәслихаттың хатшысы.