«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖАСАНДЫ ДОФАМИН»: МИДАҒЫ ӨЗГЕРІС

Өмірімізді телефонсыз, планшетсіз, интернетсіз елестете алмайтын заман туды. Күніміз смартфонның экранына телмірумен өтіп жатқандай. Бұл, әсіресе, кішкентай балалардың денсаулығына қауіп төндіріп тұр. «Жасанды дофамин»-нің ағзаға зиянын көпшілік біле бермейді.

Қазіргі таңда телефон сәбидің бесігіне дейін еніп алды. Ол ойыншықтың да, жұбататын ана әлдиінің де орнын басып барады. Бұл – жәй ғана қызығушылық, ермек емес, мидың жұмысын өзгертетін, эмоциялық тұрақсыздыққа әкелетін қауіпті құбылыс.

«Дофамин – адамның миында табиғи түрде бөлінетін, қуаныш, рахат, ләззат, мотивация, қанағат сезімін тудыратын гормон. Әдетте бұл гормон адам бір жетістікке жеткенде, мақтауға ие болғанда, ойын ойнағанда немесе сүйікті ісімен айналысқанда бөлінеді. Ал экрандағы анимациялар, жарқын суреттер мен дыбыстар баланың миына дәл сол әсерді еш әрекетсіз береді. Мұндай «жалған ләззат» баланың табиғи дамуын тежейді. Себебі ми үнемі сырттан келетін дофамин дозасына үйреніп алады. Нәтижесінде бала күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден: ойын, кітап, достармен қарым-қатынастан қуаныш таба алмайды», – дейді Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның психологы Әсел Қаршалова.

Экранға ұзақ уақыт телміріп өскен балалардың тілдік қоры мен зейіні әлсіз болатыны белгілі. Мектепке дейінгі балалар арасында есте сақтау қабілетінің нашарлауы, мазасыздық пен көңіл күй тұрақсыздығы жиілеп кеткенін де байқап жүрміз. 4 жасар балалардың күніне 2 сағаттан артық экранға қарауы олардың ұйқысына, мінез-құлқына, тіпті эмоциялық дамуына кері әсер ететіні дәлелденген.

Қазіргі таңда балалар қандай да бір нәрсеге ұзақ зейін қоя алмайды. Мазасызданып, сабырсыз күйге еніп, артынша агрессияға ерік береді. Мұның себебі: қазіргі мультфильмдердің мидың шамадан тыс белсенділігіне негізделіп жасалуы. Заманауи мультфильмдер гиперактивті-динамикалық және көңіл көтеру мақсатында әзірленуде. Мультфильмдер 5-10 минутқа қысқарып, кадрлардың тез ауысуымен және үнемі қозғалыста жүретін кейіпкерлері арқылы танымал. Алайда кейіпкерлердің гиперактивтілігі және оқиға желісінің тез дамуы салдарынан кішкентай көрермен ақпаратты қорытып үлгермейді. Кейіннен ми ақпаратты жылдам қабылдауға дағдыланып, баяу әрі терең ойлауды қиын деп қабылдайды, ал адам шыдамсыз бола бастайды.

Мұндай анимацияларға жас ағаш секілді гүлдеп, өсіп келе жатқан бүлдіршіндер әуес. Олардың нағыз рухани құндылықтарды бойына сіңірер шақтарында ішкі жан дүниелерінің пайдасыз ақпараттарға толып жатқаны кімді де болмасын қынжылтады. Бұған үйреніп алған баланы кітап оқу, достарымен ойнау сияқты іс-әрекеттер әп- сәтте жалықтырып жібереді екен. Мо тив пен моральдық құндылықсыз, жәй ғана уақытша ләззат сыйлайтын мағынасыз мультфильмдер YouTube пен көгілдір экран арналарын жаулап алуда. Өйткені сұранысқа ие.

– Үнемі сырттан ләззат алып үйренген бала кез келген істен жылдам жалығып, бір орында ұзақ отыра алмайды, нақты өмірден қызық таппай, әлеуметтік қарым-қатынасқа енжарлық танытады. Өзін, эмоцияларын басқара алмайды. Бұл – жасанды дофаминге тәуелділіктің алғашқы белгілері. Көп жағдайда ата-ана баланы жұбатудың ең оңай жолы телефон беру деп санайды. Ал бұл баланың дамуы, миының жетілуі үшін кері әсер етуі мүмкін. Ең дұрысы 2 жасқа дейінгі балаға гаджеттер мүлде берілмеуі керек. 2 жастан асқаннан кейін де уақыт шектеу болуы қажет. Мультфильм көретін уақыт алдын ала келісілген, қысқа әрі мазмұнды болуы тиіс. Оның орнына баламен бірге ойнап, сурет салу, кітап оқу, табиғатта се руендеу секілді шынайы әрекеттерге көшу қажет. Бала үшін басты үлгі – ата- ананың өзі. Үнемі телефон қарап отыратын ата-ана баласына басқаша тәрбие бере алмайды, – дейді Әсел Қаршалова.

Еліміздің ертеңі – дені сау ұрпақтың қолында. Сондықтан да кейінгі буынның жады мықты, зейіні ашық болғаны дұрыс. Ұрпақ тәрбиесіндегі осындай кедергілер тұтас ұлтты алаңдатуы керек. Балалардың телефонға құмар болуы үлгі көрсетер ата-ана мен ертегі, аңыз айтып беретін ата-әженің азайғанынан да болып отырған шығар. Бала үлкенге қарап ержетеді. Сондықтан ұл-қызымыз жан- жақты жетілсін десек, өзіміз де іс-әрекетімізді түзеп, оларға үлгі көрсетуіміз қажет. Әйтпесе өзі күнімен әлеуметтік желіден шықпайтын ананың балаға айтқан сөзінің еш әсері болмайды.

«Технология дамыған сайын бала тәрбиесі де қиындап барады. Бүгінгі балалар бұрынғыдай көшеде асыр салып ойнамайды, өзгелермен қарым-қатынасқа түсе бермейді. Үлкендер де уақытының жоғын сылтауратып қолдарына телефон ұстата салады. Меніңше, ата- ана қанша жұмысбасты болса да баласымен бос уақыт өткізудің мүмкіндігін табуы керек. Ешқандай мансап та, ақша да ұрпағымыздың ертеңінен қымбат емес. Балабақша да, мектеп те ана мен әкенің орнын алмастыра алмайды. Сондықтан кішкентайлармен көбірек уақыт өткізуге тырысамын. Таза ауада жиі серуендеп, түрлі ойындар ойнаймын», – дейді екі баланың анасы Аягөз Мүсірепова.

Бүгінгі цифрлық ғасырда баланы технологиядан толық оқшаулау мүмкін емес. Бірақ оған тәуелді етпей өсіру әр ата-ананың қолында. Жасанды дофамин – көзге көрінбейтін, бірақ бала дамуына орасан зиян келтіретін эпидемия. Оның емі – махаббатқа, шынайы эмоцияға, өзара қарым-қатынасқа негізделген балалық шақ. Экран емес, ата-ананың құшағы нағыз дофаминнің көзі екенін ұмытпайық.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp