Петропавлдағы №3 қалалық аурухананың негізінде ашылған экстракорпоралды ұрықтандыру бөлімшесінің іске қосылғанына – 3 жыл. Осы уақыт аралығында бала сүюге зар болған 13 отбасының шаңырағы сәби күлкісіне бөленді. Тіпті, кей отбасылар бір емес, егіздің және үшемнің ата-анасы атанған.
Аурухананың бас дәрігерінің акушерлік және гинекологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Елена Калюжнаяның айтуынша, облысымызда бала сүюге зар отбасылар жыл сайын көбейе түсуде. Егер былтыр орталықта 295 отбасылық жұп емделсе, үстіміздегі жылы олардың саны жүз жұпқа артқан. Орталыққа Денсаулық сақтау министрлігінің квоталық бағдарламасы ауадай қажет. Бөлімше министрлік шешетін мұндай тегін медициналық көмектің толық кешенін үстіміздегі жылдың екінші жартысынан бастап көрсете алатын болады. Жыл басында өңірімізге жұмыс сапарымен келген еліміздің белгілі эмбриолог дәрігері Салтанат Байқошқарова орталық жұмысымен танысып, оң бағасын берді.
– Денсаулық сақтау министрлігінің квоталық бағдарламасына қатысу үшін репродукция бөлімшелері бірнеше шарттарға сәйкес болуы тиіс. Алдымен, орталықтың материалдық базасы тиісінше медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, білікті мамандармен толық қамтамасыз етілуі керек. Біздің орталықтағы құрал-жабдықтар барлық әлемдік стандарттарға сай. Келесі шарт – бөлімшедегі мамандардың біліктілігі жоғары болуы тиіс. Қазіргі таңда бізде Израильдің белді клиникалары мен Алматы қаласындағы репродукция институтында білімдерін шыңдаған 3 репродуктолог, 2 эмбриолог және 1 андролог қызмет етеді. Білікті мамандармен толық қамтылған. Жұмысымыз да нәтижелі. Көрсеткіштеріміз бар, – дейді Елена Калюжная.
Өңірімізде жасанды ұрықтандыру орталығы болса да, Астана, Алматы және Тараз қалаларына барып, емделіп жүрген солтүстікқазақстандықтар аз емес. Олар орталықта ем-домды тегін алғанымен, өзге қалада пәтер жалдау, жолақысын көтеру, жүріп-тұруы материалдық әрі моральдық жағынан біраз қиындықтар тудырады. Ал репродукция орталығындағы ем-дом, ең аз дегенде, бір айға созылады. Әрі науқастардың психологиялық жағдайы ескерілуі қажет.
Қазіргі таңда квота аламыз деп, кезекте тұрған отбасылар жетерлік. Биыл үлестемеге облысымыздан 20 отбасылық жұп ие. Ал өз қаражаттарымен ем қабылдауға бел буған отбасылық жұптардың кейбірі қабылдаған емнен кейін табиғи жолмен бала сүйген. Ондай бақытты отбасылар он шақты. Жүкті болған аналар мекенжайы бойынша тіркелген емханаларда гинеколог дәрігерлердің бақылауында.
Репродукция бөлімшесінің бір ерекшелігі әрі ұтымды тұсы – көпбейінді аурухананың жанынан құрылғанында. Ауруханада гинекология, патология бөлімшелері және перзентхана бар. Ем-дом қабылдауға келген отбасылық жұп ауруханада бастан-аяқ тексерістен өте алады. Ананың жүкті болу үдерісі репродукция бөлімшесінде өтеді. Жүкті әйелдің қандай да бір созылмалы дерті болса, осы бөлімшеде емделіп, дәрігерлердің бақылауында болады. Жүктілік мерзімі аяқталуға таяғанда перзентханаға жатқызылады. Яғни, жасанды жолмен ұрықтандырылған ана босанғанға дейін осы аурухана дәрігерлерінің қарауында болуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Әлемдегі экономикалық жағдайға қарамастан, ұрықтандырудың құны еш өзгеріссіз қалған: 288 мың теңге. Емдеу, дәрі-дәрмектер, медициналық тексеру шаралары науқас денсаулығының жағдайына қарай 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді.
Барлық адам ұмтылатын мақсат – бақыт болса, оның кілті, әлбетте, балада. Дана қазақ: “Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар” деп бекер айтпаса керек. Мұндай бақытқа қол жеткізгісі келетін отбасылық жұптар ештеңеден аянып қалмасы анық. Қаражат былай тұрсын, өңірімізде суррогат ана арқылы нәресте сүюді жоспарлаған отбасылық жұптар да бар. Бүгінгі күні ондай екі жұп орталықта тиісті медициналық тексерістерден өтіп, ем қабылдап жатқан көрінеді. Бір отбасылық жұп суррогат ана ретінде әйелдің сіңлісімен келісімшартқа отырған. Елена Калюжнаяның айтуына қарағанда, облысымызда өзінің материалдық жағдайын дұрыстау үшін суррогат ана болуға талпынатын нәзік жандар бар екен. Бірнешеуі орталыққа хабарласып, суррогат ана қызметін көрсетуге келісетіндіктерін айтқан. Дәрігер мұндай қызмет әлемдік жасанды ұрықтандыру саласында кеңінен қолданылып жүргенін тілге тиек етті. Мәселен, Алматы мен Астана қалаларының репродукция бөлімшелерінде суррогат ана қызметі тәжірибеге енгізілген. Жуық арада өңірлік орталықта да мұндай қызмет түрі көрсетілетін болады. Дәрігер белгілі бір себептермен тұрмыс құра алмай, оң жақта отырып қалған нәзік жандардың да бала тууына жағдай қарастырылатындығын жеткізді. Орталықта ұрықтың донорлық қоры да құрылған.
Заманауи ғылымның жаңашылдықтарын енгізген орталықтың алдағы уақытқа көздеген мақсаттары жетерлік. Ең маңыздысы – орталыққа келген отбасылық жұптардың шаңырақтарын нәрестенің күлкісіне толтыру. Орталық ашылғалы дүниеге 16 нәресте келді. Олардың үшеуі – үшем. Ал орталықтың тұңғыштары биыл 2 жасқа толды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.