Жазғы демалыс кезінде жастарды маусымдық жұмыспен қамтып, өңірлерді көгалдандыруға септігін тигізетін “Жасыл ел” бағдарламасына қатысуға ниет танытқандарды қабылдау басталды.
Әдетте орманшыларға көмектесіп, көгалдандыру жұмыстарына атсалысқысы келетін студент жастар мамыр айының басынан жұмысқа кірісетін. Биыл елді алаңдатып отырған коронавирус індетінің салдарынан бұл жұмыс кейінге қалдырылды. Елдегі карантин аяқталса, жұмыс 15 мамырда басталады деп күтілуде. Ал аяқталмаған жағдайда жұмыс тағы да кейінге шегеріледі. Құжаттарды қабылдау 13 сәуір күні басталып, бүгінге дейін 16 мен 28 жас аралығындағы қырықтан астам адамнан өтініш түсті. Өтініштерді және құжаттардың көшірмесін “Google” құжат”, “WhatsApp” желісі немесе электронды пошта арқылы жолдауға болады.
Үстіміздегі жылы “Жасыл ел” бағдарламасын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 30 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Биылғы жылғы жұмыстың ерекшелігі сол – жастардың еңбек жасақтары тек аудандарда еңбек етеді. Олардың тең жартысы орман шаруашылықтарына жіберіліп, бір ай немесе маусым біткенше жұмыс істейді. Жастар көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарына да тартылады. Еңбекақылары жұмыс орнына, көлеміне және қиындығына байланысты 35 мың мен 80 мың теңге аралығында болады.
Әлішер МӘЖИТ,
облыстық “Жасыл ел” еңбек жасағы штабының үйлестірушісі.