«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАЙЫНАН БОЙЫНА СІҢІРСЕК…

Бүгіндері сыбайлас жемқорлық – ғаламдық мәселелердің бірі. Бұл індет қоғаммен бірге дамып, тереңдей түсетін зиянды құбылыс. Ол қоғамдық қатынастардың дұрыс дамуына мүмкіндік бермей, тамырымен бойлап кете береді. Жемқорлықты түп тамырымен жою үшін қоғамда оған қарсы мәдениет қалыптастырып, бірлесе күресу керек.

 

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының қағидалары бойынша қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды білім беру және тәрбиелеу арқылы жүзеге асыру көзделген. Бүгінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Білім және ғылым министрлігінің жемқорлық тақырыбындағы бірлескен іс-шаралары білім беру саласының барлық деңгейіне енгізілген.

Орта білім беру деңгейінде бұл “Дүниетану” (1-4-сыныптар) және “Адам, қоғам, құқық” (9-11-cыныптар) пәндері. Техникалық және кәсіби деңгейдегі жоғары білім беруде “Құқық негіздері” міндетті пән болып табылады.

Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды бірнеше кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде (6 жасқа дейінгі) бала отбасында тәрбиеленеді, сондай-ақ, балабақшада қоршаған ортаны таниды. Осы кезеңде рухани және моральдық-адамгершілік құндылықтар қалыптасып, қоғамда өзін ұстау тәртібі айқындалады.

Екінші кезең (7-ден 18-ге дейін) – мектептік кезең, ол кіші, орта және жоғары мектеп жасын қамтиды. Бұл кезеңде адамгершілік мәдениет және намысшылдық, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, адалдық, әділеттілік, ар-ождан сияқты адами қасиеттер қалыптасады. Оқушыларға сыбайлас жемқорлықтан келетін залал туралы көзқарас қалыптастыру қажет. Құқықтық сана және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасып, құқықтық құндылықтар дамиды, заңды мінез-құлық дағдылары, өмірлік жағдайларды шешу тәжірибесі тұжырымдалады.

Үшінші кезең – бұл студенттік шақ. Онда қазақстандық патриотизмге және сыбайлас жемқорлыққа қатысты белсенді өмірлік ұстаным қалыптасады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, тұлғаның бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың барлық кезеңдерінде отбасының рөлі ерекше. Отбасы қоғамның әлеуметтік институты болып табылады. Ол репродуктивтілік, тәрбиелік, шаруашылық-экономикалық, рекреациялық қызметтер атқарады. Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруда да отбасының рөлі зор. Өскелең ұрпақ отбасында қандай тәрбие алса, оның сана, заңдылық, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті де соған байланысты болады. Ата-ананың негізгі міндеті – баланы өткен дәстүрлерге құрметпен қарауға және қоғамға пайдалы болу рухында тәрбиелеу.

Тәуелсіз еліміздің дамуы, оның озық мемлекеттер қатарына қосылуы, әлемдегі көшбасшы мемлекеттер құрамында болуы бүгінгі жастардың білімі мен білігіне байланысты. Осыған орай өсіп келе жатқан ұрпақ жан-жақты, бәсекеге қабілетті, терең білімді, көптілді меңгерген, жемқорлыққа қарсы тұра білетін тұлға бола білуі қажет. Демек, ол адам бойында жоғары рухани-адамгершілік, әділдік, адалдық, шыншылдық, тағы басқа да тұлғалық қадір-қасиеті қалыптасқан, ешқашан заңға қайшы іс-әрекетке, сыбайлас жемқорлыққа бармай, еліне адал қызмет атқаратын азамат болуы керек. Жоғарыда айтылған қасиеттердің барлығы бала бойына отбасындағы тәлім-тәрбиемен сіңеді. Сондықтан ата-ана баласының жағдайын кәмелетке толғанша материалдық тұрғыда ғана қолдап қоймай, оған адамгершілік құндылықтарды сіңіруі және рухани жағынан тәрбие беруі тиіс.

Серік АЙДАРБЕКОВ,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа

қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы

бойынша департаментінің

басқарма басшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp