Облыстық прокуратура “Прокурор түсіндіреді” акциясы аясында Есіл ауданында баспасөз турын өткізді.
Аталған аудан прокуроры Шоқан Құлданов мәлім еткеніндей, өткен жылы әлеуметтік-экономикалық салалардағы заңдылықты қадағалау мақсатында 22 тексеріс жүргізіліп, 150-ден астам заң бұзушылық анықталған, осыған жол берген 64 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, 20 адамның бұзылған құқығы қорғалған.
Кездесу барысында облыстық прокуратураның өкілі Шолпан Әбдірахманова жергілікті прокуратура қызметкерлерінің кәсіпкерлер палатасымен жасалған меморандум аясында айтарлықтай жұмыстар атқарғанын баса айтты. Жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған 2 тұлға жауапкершілікке тартылған. Корнеевка ауылында тұратын жеке кәсіпкер Александр Гвоздев прокуратурадан өзінің жылжымалы сауда орталығының орналасқан жеріне байланысты туындаған келіспеушілікке төрелік айтуды сұраған. Бұл мәселе заң аясында оң шешілді. Жалпы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Аудан прокурорлары кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мақсатында қабылданған бағдарламалар мен ісшараларды халыққа түсіндіру бағытында да едәуір жұмыстар атқарған.
Жиын барысында, кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында өзіне-өзі қол жұмсайтын фактілердің жиі кездесетіні айтылды. Өткен жылы Петровка ауыл шаруашылығы колледжінде 3 студент суицид жасады. Аудан прокуроры Шоқан Құлданов “В Контакте” әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторинг барысында суицидке итермелейтін арнайы топтардың бар екені анықталғанын айтты. Осындай топтарға Петровка, Покровка, Тораңғыл, Явленка, Ясновка ауылдарының жасөспірімдері де тіркелген екен.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.