Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы колледжде облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен білім басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен интерактивті сабақ өтті. Онлайн сабаққа өңіріміздегі орта арнаулы білім беретін жиырмадан аса оқу орнының жеті жүзге жуық студенті қатысты.
Шара барысында аталмыш департаменттің басқарма жетекшісі Светлана Зайцева қоғамның кеселіне айналған жемқорлықпен күресіп келе жатқан мекеменің бүгінгі тіршілігімен, онда еңбек ететін мамандармен таныстырды.
Одан кейін студенттердің санасында өз еліне, мамандығына, қызметіне деген адалдық ұстанымды берік орнықтырып, оларды саяси сауатты болуға үндейтін бейнероликтер көрсетілді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол беріп, оның зардабын тартып отырған өмірімізден алынған шағын көріністердің астарында бүкпесіз шындық жатты. Мысалы, медицина университетінде оқитын болашақ дәрігер емтихан тапсыру сәтінде соқырішектің негізгі белгілері жайлы қойылған сұрақтан мүдіріп, ұстазына көлемді ақша ұсынып, жақсы баға алады. Осылайша, арзан жолмен оқуын тамамдап, ауруханалардың біріне жұмысқа орналасады. Медициналық білімі көңіл көншітпейтін жас маманның көмегіне соқырішектің қабынуы диагнозымен науқас жүгінеді. Арам ақшаға пайдасыз білім сатып алған жас дәрігердің сауатсыздығының салдарынан науқас қайтыс болып кетеді. Міне, осындай оқиғамен мазмұндас бейнероликтер әлеуметтік желілер арқылы да өңір өрендеріне таратылды.
М.Жұмабаев атындағы колледждің “Мектепке дейінгі оқыту” мамандығының студенті Ұлжан Сүлейменова:
– Небәрі бір сағатқа созылған сабақтан біраз мағлұмат алдым. Еліміздің ертеңіне алаңдаған әр өрен өз ісіне есеп беріп, жегіқұрттай жемқорлықпен күреседі деген ойдамын, – дей келе тағылымды сабақтар жиі өткізілсе деген тілегін жеткізді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.