Облыстық жастар бастамалары орталығының директоры Тимур Жұманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын өңіріміздің белсенді жастарымен бірге тыңдады. Осы орайда онымен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Тимур, Елбасының кезекті Жолдауын өзіңіз бастаған өңір жастары қалай қабылдады?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында Қазақстанның бақытты болашағы – жастарды назарынан тыс қалдырған емес. Біздерге әкелік қамқорлықтың үлгісін көрсетуді үрдіске айналдырған ол бұл жолғы Жолдауында да жастарға өзінің зор сенім артатындығын жеткізді.
– Сізге Жолдауда айтылған қандай мәселелер ерекше әсер етті?
– Ел жастарын мемлекетіміздің негізгі қозғаушы күшіне балаған Елбасы бұл жолы да өрендерге, аға буынды өкшелеп келе жатқан жастарға: “Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір – техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда”, – деді.
Әлемнің өркениетті мемлекеттерінің барлығы айтулы жетістіктерге, биік белестерге техникалық салаға ден қойып, оны дамытудың арқасында жетіп отыр. Техника ғылымының тілін терең меңгерген маман еліміздің әл-ауқатын арттырары сөзсіз. Әсіресе, 2017 жылдан бастап “Жалпыға бірдей тегін кәсіби техникалық білім беру” жаңа жобасының енгізілуі жастардың біліммен қарулануына септігін тигізеді деген ойдамын.
Мемлекеттік грантпен білім алып жатқан жастарға да жағымды жаңалық шәкіртақының 25 пайызға өсуі болды. Бүгінде, Құдайға шүкір, еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттерге оңтайлы жағдай қарастырылған. Біздің өңіріміздегі М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де жыл сайын заманауи зерттеу құрылғыларымен жабдықталуда. Еліміз бойынша санаулы қалаларда орналасқан астрофизикалық орталықтың өзі неге тұрады?! Жастарға білім мен ғылымның қыр-сырына бойлап, алған тәжірибесін еліміздің өркендеуіне жұмсау ғана қалып отыр.
Білімді жастары бар елдің болашағы жарқын екендігін ескерсек, білім, ғылым саласындағы жаңалықтар жастар үшін жасалып жатқан игі іс деп білеміз. Біз болашаққа айқын мақсатпен көз тіккен, үлкен сеніммен көш түзеген бақытты елдің бақытты ұрпақтары екенімізді тағы бір тебіреніспен сезіндік. Әлем елдерін алаңдатып отырған қаржы дағдарысын бірлесе еңсеріп, “Мәңгілік Ел” мұратына жететінімізге жан жүрегімізбен сезіндік.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.