Облыс орталығында қазақ және шет тілдерін оқыту мәселесін кешенді түрде шешу мақсатында ашылған тіл академиясында жастармен кездесу өтті. Оған Петропавл қаласы мен аудандардың мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері және М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында өткен шараны ашқан облыстық тiлдердi дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов өңірде 2011-2020 жылдары тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған іс-шаралар туралы әңгіме өрбітіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының артқанына назар аударса, облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Жанат Мұхаметжанов қала тұрғындарына есігін ашқан тіл академиясының жұмысымен таныстырды.
– Аталмыш ұйым бірнеше бағытта жұмыс істейді. Атап айтқанда, ол қазақ тілі мектебі, шет тілі (ағылшын, неміс және түрік тілдері), шетелге тіл курстарына бару, баласын қазақ мектебіне бергісі келген немесе жұмыстан қолы босамайтын ата-аналар үшін “Алақай” балалар орталығы жұмыс істесе, қазақ халқының бай салт-дәстүрлері және мәдениетін танығысы келгендер “Мерей” отбасылық клубында тіл үйрену мүмкіндігіне ие, – деді ол.
Жанат Қабдолрақымұлының айтуынша, мемлекеттік тілді үйренемін дегендер www.edukaz.kz сайтына тіркеліп, “Скайп” бағдарламасы немесе вебинар арқылы онлайн режімінде оқу мүмкіндігіне ие. Оған қажеттінің барлығы сайтта орналастырылған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.