Маргарет Тэтчер: “Егер әлемде ең білікті, ең іскер, ең ақылды 3-4 мемлекет басшылары болса, солардың бірі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!” – деген екен көзінің тірісінде. Бұл – елінің экономикасы әбден әлсіреген шақта, 54 жасында 12 жыл қатарынан премьер-министр қызметін атқарып, Ұлыбритания мемлекетін әлемге әйгілі еткен өте беделді саясаткердің Қазақ елінің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берген жоғары бағасы.
“Хакім басқармаған ел бұзылады”, – дейді дана Абай. Тәубе! Қазақ елін басқарып отырған хакім – Елбасымыз бар.
Дәл бүгін дүкендерде ине-жіп, бір шөкім шай болмаған, еңбекақы мен зейнетақыны дер кезінде ала алмаған дағдарыс кезеңді еске алудың өзі қорқынышты. Осындай жағдайдан Елбасы елін, халқын аман сақтап, алып шықты. 1998 жылдан экономикамыз аз да болса, көтеріле бастады.
Тал бесіктен бастау алған тәрбие, бала кезінен білген әкесі мен анасының адал еңбегі, көкірегіне қонған әжесінің дана ақылы Елбасының тұлға болып қалыптасуына себепкер болды. Бозбала шағында қазақ топырағынан алыс жүргенде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолында ұйымдастыру қабілеті шыңдалды. Киер көйлегін, ішіп-жер нанын өзі табу, жолдастарын жетелеу жас Нұрсұлтанның бойында көшбасшылық қасиеттің ұшқынын тұтатты.
Бүгінгі шәкірт – студенттердің жасында Елбасы домна, мартен пештерінің алдында жалындаған отпен арпалысып, темірді қорытып, шойынды балқытып, болаттан құрыш құйды. Ащы терін төгіп, өзінің адал еңбегінің дәмін татып, атқарған ауыр жұмыстың бағасын таныды.
Елбасын жүріп өткен өмір жолы шыңдады. Ойына ақыл мен сабырлылық, жүрегіне иман ұялатты, ойына – парасаттылық, жанына – өнер, күш, жігер, қайрат берді. Ойланған жастарға өмірдің өзі – үлкен мектеп. Елбасының өз басында жастар қызығатындай, еліктейтіндей, армандайтындай қаншама жақсы қасиеттер бар?! Нұрсұлтан Әбішұлының саламатты өмір салтын ұстануы, спортпен шұғылдануы, аттың құлағында ойнауы, қазақтың қара домбырасын шертуі, қоңыр даусымен ән салуы, дәстүрлі халық әндерін сол қалпында айтуы, қарияларға көрсетілетін құрметі – осылардың бәрі жастарға үлгі-өнеге!
Елбасының өмірде аяқасты туындап қалатын қайсыбір келеңсіз жағдайларды сабырмен салмақтап, ушықтырмай, ақылмен, Абайдың өсиеттеріне арқа сүйеп, шеше қоятын қасиеті көптеген басшыларда кездеспейді. Бұл да – Елбасының ерекшелігі.
Елбасының жастарға үлгі боларлық тағы бір қасиеті – ата жолын, ата-баба дәстүрін сақтауы. Шыңғыс ханның ұрпағы – Жошы, Керей мен Жәнібек, Тәуке хан, Хақназар хан, Есім хан, Абылай хан, Қасым хан, соңғы хан – Кенесары сияқты Елбасының да Ұлытауда ақ киізді басып, билік орынтағына отыруы. “Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды!” – дейді Елбасы. “Қазақ халқының тарихын өте жақсы білмегеннің болашағы бұлыңғыр”, – деген ой да Елбасынікі. Нұрсұлтан Назарбаевтың “Хабар” агенттігінің тілшісі Ринат Думанға берген сұхбатының өткізілетін жерін таңдап алуының өзі таңдай қақтырады! “Бұл сұхбат әуре болмай-ақ не Алматыда, не Астанада неге өткізілмеді?” – деп жастар бір сәт ойланса, Елбасының ұлттың тарихын терең, жан-жақты білгендіктен, өткенімізді қадірлегендіктен, Ұлытауды таңдап алғанына көз жеткізеді.
Ұлытау – қасиетті, киелі ұлы бабаларымыздың ізі, үні сақталған жер. Географиялық орналасу тұрғысынан кәрі құрлық – Еуразияның ортасы, Қазақ елінің кіндігі. Ұлытау – ұлтты ұйытқан, ұлт тарихын, ұлт тағдырын қалыптастырған, ұлт ұлыларының ұлағатты ойын тоғыстырған ұясы. Ұлытау – Сарыарқаның, ұлы қазақ даласының жалғасы. Ол қатпар-қатпар болып созылып жатқан тау қыраттарынан құралады. Ең биігі – мың жарым шақырымдай Әулиеата. Әулиеатадан Әулиебұлақ ағып шығады. Бабаларымыз талай шөлін қандырған бұлақ суынан Елбасы сусындап, Әулиебұлақ жағасында, Әулиеата шыңына көз тігіп отырып, тілші сұрақтарына жауап беріп, елімен, халқымен сұхбаттасты. Мен бұл сұхбатты сәті түскен сұхбат деп таныдым. Бірнеше рет оқып шықтым. Тарихымыздан өзіме көп мағлұмат алдым. Тебірендім. Толқыдым.
Біздің елдігіміз, арғы ата түбіміз ғұндардан бастау алады екен. Оғыздар мен көк түріктерге жалғасады. Сосын Алтын Орда орнығады. Одан әрі Ақ Орда – Қазақ хандығы қазығын қағады.
Ұлытауда 300-ден астам ескерткіш бар. “Алашаханның, Жошыханның, Домбауыл, Кетбұға жыраудың, ел қамын ойлаған Едігенің, Тоқтамыс батырдың ерліктерін жас ұрпақ білулері керек. Ұлытауда Әмір Темір де әскерімен бірге болып, тасқа қашап, жастарға өзінің өсиетін қалдырған. Өздері қолданып жүрген шағатай тілінде емес, көне түрік тілінде қашап жазған. Бұл да Қазақ еліне деген үлкен құрметтен туындаған. Ұлытау бөктерінде Әулиебұлақ жағалауын бойлай, ерте көктемнен күзге дейін шұрайлы, нәрлі, шүйгін шөп өскен. Сондықтан солтүстіктен, оңтүстіктен, батыстан, шығыстан қазақ халқы үйір-үйір жылқымен, отар-отар қойларын, табын-табын қара малын өрістетіп, жаз жайлауға – Ұлытауға бет алған. Киіз үйлерін Ұлытауда тігіп, дастарқандарын жайып, бір-біріне қонақ болып, жастардың көрісіп-білісуіне, танысуларына жағдай жасаған. Құда түсісіп, мәз-мәйрам болысқан. “Жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алсақ та, тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз таза, мөлдір, қаз-қалпында сақталған, басқа елдердегідей емес. Ұлытау ұлт ұясы болған. Бар қазақтың басын қосқан”, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Менің жасым – 74-те. Қазіргі ұстаздар бақытты. Қызығамын. Елбасының бір ғана Ұлытауда өткен сұхбатынан, айтылған ұлағатты сөздерінен оқушыларға, студенттерге, жастарға қаншама білім-тәрбие беріп, патриоттық сезімін оятуға болады. Елбасының орыс тілінде де, ана тілімізде де таза, өте сауатты, мағыналы, түсінікті сөйлеуі – осының бәрі жастарға үлгі-өнеге!
Жастардың бағына қарай олар еліктейтін, өр, өзгелерден өзгеше жаралған Елбасымыз бар!
Елбасының биылға арналған Жолдауы “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” деп аталады. Президентіміз әрқашан ең өзекті мәселелерді қолға алады. Тәуелсіз, егемен ел болғанымызға ширек ғасырға жақындап қалды. Елбасының арманы – Қазақ елінің Мәңгілік Ел болуы! Сол Мәңгілік Елде қазақ тілінің қолдану аясы кеңіп, өскен ортаның, қоғамның өміршең тілі болуын қалайды. Жастарымыз Ислам дінін дұрыс түсініп, жүректерімен қабылдап, арлы, мейірімді, білімді, іскер болуын көксейді. Жастарымыздың тарихын біліп, ата дәстүрімен жүрулерін тілейді. “Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген Тәуелсіздікті ешкімге бере алмаймыз! Тәуелсіздігімізді қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек!” – дейді Тұңғыш Президентіміз.
Жап-жас ақын бала Жамбыл Дүйсенов: “Тәуелсіздігіміз – Тәңірден келген тәтті сый!” – дейді тап-таза жүрегімен.
Шілде айында Елбасының бауыры – інісі Болат Әбішұлы “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Гүлзейнеп Сәдірқызына берген сұхбатында “Аға” атты өлеңін мысалға келтіріпті.
Таулар менен кең дала ғой
кенішім,
Өзің салған дәннен көрдім
жемісін.
Алатауым – арқа сүйер
аман бол,
Қазақ үшін, ұлтың үшін,
Ел үшін!
Елбасының бауыр етінің тілегін Алла қабыл алуға жазсын! Елбасының ойын іске асыратын, арманын орындайтын, үмітін ақтайтын Қазақ елінің жастары намысты, арлы, аман болсын!
Қымбат ИСМАНОВА,
еңбек ардагері.
Петропавл қаласы.