Жазгүл ҚҰЛАҚБАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің оқытушысы.
Барша қазақстандық жастармен қатар Елбасымыздың лекциясын СҚМУ студенттері мен ұстаздар ұжымы да зор зейін қойып тыңдады. Дәріс барысында Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайы, алдағы даму жолдары жан-жақты талданып, бүгінгі білім мен ғылымға деген жаңа көзқарасты анық танығандай болдым. Өз сөзін жас буынға қарата айтып, Президенттің бүгінгі жастарды ұлтымыздың жарқын үмітіне теңеуі бізге, ұстаздар қауымына, зор міндет артады деп білемін. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, біздің болашағымыз зияткерлік ой-өрісі бай, білімді жастардың қолында. Кәсіби мамандық алу, оны ерте кезден таңдау, соған бейімделу, жоғары оқу орнында білім алып, оқып шығу көп тер төгуді қажет ететіні бесенеден белгілі.
Өз кезегінде Елбасының дәрісі жастарға арналған жаңа Жолдау іспетті. “Ықылым замандардан қалған “Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады” деген аталы сөз бар. Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі таңда тіптен айрықша. Бұл заман – білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл”, – деген Мемлекет басшысының пікірін ұстаздар қауымы қызу құптайды. Себебі, бүгінде ақпарат ағынынан қалып қойса, замана көшіне ілесе алмайтындығын түсінген жастар ғылым шыңына шығу үшін қажымас қайрат, алға қойған негізгі мақсат, күнделікті ізденіс керектігін жан-тәнімен сезе білуде. Менің бұл сөзіме Қазақстанның барлық студенттер мен мұғалімдер қауымы қосылады деп білемін. Осы уақытқа дейін сапалы білімнің маңыздылығын көгілдір экраннан талай көріп, газеттерден оқып жүрдік, енді міне, ол туралы Елбасының өз аузынан естігеннен кейін мүлдем өзгеше әсер алғандай болдым. Әрине, Президентіміз көрсетіп отырған қолдау арқылы жастар еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтауы тиіс. Президенттің қазақстандық жастарға арнап айтқан әрбір сөзі шын жүректен шықты. Әрине, біздер осындай терең әрі мазмұнды дәрістер жиі болса екен деп тілейміз. Бұл орайда жастарға үлкен міндеттер жүктелетінін, кез келген ауыртпалыққа әзір болу керектігімізді қадап айтты.