Жуырда “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы өмірі еңбекпен өрілген аға буын өкілдері мен белсенді жастардың басын қосып, “Менің елімнің жетістігі” шарасын өткізді.
Екі буынның кездесуі барысында соғыстан кейінгі жылдардағы қиыншылық, тың игеру кезеңіндегі қажырлы еңбек, тәуелсіз ел атанған алғашқы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс пен қарапайым халықтың иығына түскен ауыртпалық, осындай түйінді мәселелерді шешудегі басшылардың іскерлігі айтылды. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников бүгінде бұл қоғамдық ұйымға 100 мыңға жуық зейнеткер мүше екенін тілге тиек етті. Олардың барлығы тәуелсіз еліміздің қалыптасуына, нығаюына, өңіріміздің дамуына зор үлестерін қосып, бүгінде сол еңбектерінің жемісін көріп отыр. Солардың бірқатары өскелең ұрпаққа жүрген жолдары, атқарған істері жайлы айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Бір кездері жарқын болашақ құруға талпынған аға буын еліміздің болашағы атанған жастарға ақылдарын да жеткізді.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Аслан Нехай өңірімізге тың игеру жылдары қоныс аударған. 17 жастағы жігіттің еңбек жолы оңай болмапты. Әйтсе де, жастық жалын, ер жігітке тән мінезімен барлық қиыншылықты еңсеріп, қажырлы еңбек еткен. “Бейбіт өмірдің баласы болғандықтан, елімізді қарумен емес, білімдеріңмен қорғап, нығайтыңдар”, – деді ақсақал. Осындай тағылымды әрі тарих қойнауына енген оқиғаларды ұйып тыңдаған жастардың кездесуден мол әсер алғаны анық.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.