
Өңірімізде бизнес-жоспарларын жүзеге асыру мақсатында 250 жас кәсіпкер өз ісін бастап, қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Жалпы “Жас кәсіпкер” жобасының екі кезеңінде 600 адам білім көкжиегін кеңейтті.
Аллаберген Қоспақаевтың кабинетінде жұмыс қызу жүруде. Шығыс медицинасымен айналысатын сылаушының (массажист) қабылдауына адамдар бірнеше ай бұрын жазылады. Өйткені, жас кәсіпкердің қызметін пайдаланатындардың саны күн сайын артып келеді. Ол денені сылаумен қатар, мануалды терапия, инемен емдеу және хиджама сияқты емнің бірнеше түрін жасайды. Жақында Аллаберген “Амплипульс БР 5” физиоаппаратын сатып алды.
– Қазір мұндай аппарат ТМД елдеріндегі ауруханалардың барлығында қолданылады. Ол бұлшық еттің тырысып қалуын жазады. Сондай-ақ, протрузия, грыжа, остеохондроз бен өзге де омыртқа жотасы ауруларын емдеуге көмектеседі. Осы құрылғының көмегіне жүгінген емделушілердің біразының денсаулықтары қалыпты жағдайда. “Атамекен” кәсіпкерлер палатасына алғысым шексіз, – дейді Аллаберген Қоспақаев.
Жас кәсіпкерлердің грант қаржысына жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндіктері бар. Үш айдан соң олар берілген қаржыны қалай игергендері жайлы есеп береді. “Жас кәсіпкер” жобасының тағы бір қатысушысы Дәния Исқалиева йога-студияға қажет құрылғы мен сапалы төсеніш сатып алды. Ол арнайы оқытудан өткен соң бизнес жобасын қорғаған. Бүгінде ол жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашатын бірегей жобаның жүзеге асырылғанына дән риза. Жалпы Петропавл қаласы мен өңірдің тоғыз ауданынан 600 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Бизнес-жоспарды қорғаған соң оларға мемлекет 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетті.
– Барлық қатысушылардың ішінде қазір 253 адам грант алды. Дені тұрғындарға қызмет көрсетумен айналысады. Өндірістік цехтар да бар. Бизнес жаттықтырушылар жыл бойы түлектермен байланысып, сұрақ туындаса кеңес береді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім меңгерушісі Рахымбек Зейнуллин.
Аталмыш жоба бойынша биылғы жоспар толық орындалғанын айтып өткен жөн. Өз ісін ашуға құштар жандар “Бастау” жобасы арқылы да кәсіпкерлік негіздері бойынша білім көкжиектерін кеңейте алады. Бүгінгі таңда өңірлік кәсіпкерлер палатасында аталмыш бағдарламаның бесінші легі оқытудан өтуде. “Бастау” жобасының түлектері де мемлекет тарапынан берілетін 100 АЕК мөлшеріндегі жеңілдетілген несиеге өтініш бере алады.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер
палатасының баспасөз хатшысы.