«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

Өңірімізде бизнес-жоспарларын жүзеге асыру үшін 250 жас кәсіпкер өз ісін бастап, қайтарымсыз гранттарға қол жеткізді. Жалпы, “Жа скәсіпкер” жобасының екі кезеңінде 600 адам білім көкжиегін кеңейтті.

Жас кәсіпкер Аллаберген Қоспақаевтың кабинетінде жұмыс қызу жүруде. Шығыс медицинасымен айналысатын сылаушының (массажист) қабылдауына адамдар бірер ай бұрын жазылады. Өйткені, бүгінде жас кәсіпкер сұранысқа ие. Оның қызметін түрлі жастағы адамдар пайдаланады. Ол денені сылаудан бастап, мануалды терапия, инемен емдеу және хиджама сияқты емнің бірнеше түрін жасайды. Жақында Аллаберген “Амплипульс БР 5″ физио-аппаратын сатып алды.
– Қазір мұндай аппарат ТМД елдеріндегі ауруханалардың барлығында қолданылады. Ол бұлшықеттің тырысып қалуын жазады. Сондай-ақ, протрузия, грыжа, остеохондроз бен өзге де омыртқа жотасы ауруларын емдеуге көмектеседі. Курстан өткен емделушілердің көңіл-күйі жақсы. Менің “Атамекен” кәсіпкерлер палатасына алғысым шексіз. Биыл біз бизнесті жүргізудің негізін үйрендік, – деді Аллаберген Қоспақаев.
Жас кәсіпкерлердің грант қаржысына жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндіктері бар. Үш айдан соң олар мемлекеттік қаржыны игеру бойынша есеп береді. Жұмыс орнын жалға алу, несиені төлеу, қажетті материалдар сатып алу үшін берілген қаржыны жұмсауға рұқсат жоқ.
“Жас кәсіпкер” жобасының тағы бір қатысушысы Дәния Исқалиева йога-студияға қажет құрылғы мен сапалы төсеніш сатып алды. Ол аталмыш жоба туралы кездейсоқ естіген. Арнайы оқытудан өткен соң, бизнес жобасын қорғаған. Бүгінде ол жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашатын бірегей жобаның жүзеге асырылғанына дән риза. Жалпы, Петропавл қаласы мен өңірдің тоғыз ауданынан 600 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Бизнес-жоспарды қорғаған соң, оларға мемлекет 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетті.
– Барлық қатысушылардың ішінде қазір 253 адам грант алды. Дені тұрғындарға қызмет көрсетумен айналысады. Өндірістік цехтар да бар. Бизнес жаттықтырушылар жыл бойы түлектермен байланысып, сұрақ туындаса кеңес береді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім меңгерушісі Рахымбек Зейнуллин.
Аталмыш жоба бойынша биылғы жоспар толық орындалғанын айтып өткен жөн. Алайда, өз ісін ашуға құштар жандар “Бастау” жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша білім көкжиектерін кеңейте алады. Бүгінгі таңда өңірлік кәсіпкерлер палатасында аталмыш бағдарламаның бесінші ағымы оқытудан өтуде. “Бастау” жобасының түлектері де мемлекет тарапынан берілетін 100 АЕК мөлшеріндегі жеңілдетілген несиеге өтініш бере алады.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp