Облыс орталығында «Қызылжар жастары» тұрғын-үй бағдарламасының іске қосылуына орай баспасөз мәслихаты өтіп, бағдарлама талаптары түсіндірілді. Шараға қатысқан
облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов өңірде жастарға бағытталған жалпы құны 123 млн. теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылатынын айтты.
– «Қызылжар жастары» бағдарламасы өңір дамуына үлес қосып жүрген жастарды баспанамен қамтуға бағытталған. Өңірімізде бұрын-соңды болмаған бағдарлама 2029 жылға дейін жұмыс істейді. Баспананы бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады. Жобаға қажетті қаражаттың жартысы жергілікті бюджеттен бөлінді. Қатысушыларды іріктеу ұпай саны бойынша жүргізіледі. Шешім шығаруда өтініш берушілердің әлеуметтік дәрежесі, отбасылық жағдайы, еңбек өтілі, балаларының болу-болмауы ескеріледі, – дейді Кемел Оспанов.
«Өтініштер 26 мамыр мен 11 маусым аралығында қабылданады. Баспаналы болуға ниетті жастар облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық қабылдау орталығына жүгінуі керек. Бағдарлама қатысушыларының жеңілдетілген несиесі «Отбасы банк» арқылы рәсімделеді.
– Қарыздың ең жоғары сомасы – Петропавл қаласында 15 млн. теңге, облыс аудандарында 10 млн. теңге. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Қарыз бойынша жылдық мөлшерлеме – 6 пайыз. Несиені 19 жылға дейін рәсімдеуге болады, – дейді «Отбасы банк» облыстық филиалының директоры Нұржан Әлібеков.
Баспанаға өңірдегі қала мен аудандарда жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі мамандар өтініш бере алады. Бұл ретте соңғы 6 айда еңбек өтілінің болуы ескеріледі. Өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауы керек. Егер қатысушылар бірдей ұпай жинаса, жасына қарай үлкен қатысушыға басымдылық беріледі.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».