Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына белсенді қатысатын студенттердің ата-аналары марапатталуы мүмкін. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Casual Fraiday” үлгісінде кездесу өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бастығы Ернар Баянғазин осындай ұсыныс айтты.
Кездесу барысында Ернар Баянғазин өңірімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмысқа тоқталса, жоғары оқу орнының ректоры Серік Өмірбаев академиялық адалдық қағидаты бойынша жұмыс істеп жатқандарын тілге тиек етті. Студенттер арасында “Оқытушылар студенттер көзімен” атты сауалнама жүргізу, “Таза сессия” акциясын өткізу дәстүрге айналған. Сонымен қатар сенім телефоны іске қосылып, туындаған мәселені ректордың блогына да жазуға болады.
– Өткен жылдан бері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ – академиялық адалдық лигасының мүшесі. Оның талаптары жоғары оқу орнының ішкі құжаттарына енгізілді. Студенттердің жазба жұмыстарында плагиатты анықтау үшін антиплагиат жүйесі жұмыс істейді. Осы оқу жылында емтихандардың 90 пайызы жазбаша түрде жүргізілетін болады. Барлық жазбаша емтихандар штрихкодпен құпияландырылады да, тексерушілер қай студенттің жұмысы екенін білмейді, – деді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Жанар Таласпаева.
Кездесуден кейін қонақтар “QYZYLJAR” студенттерге қызмет көрсету және тіркеу орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталықтың мақсаты – “бір терезе” қағидаты бойынша жедел және сапалы қызмет көрсетуі. Қызмет көрсету электронды кезек тәртібімен жүзеге асырылады.
Университет жанынан ашылған “Sanaly urpaq” жобалық кеңсесінің бастамасымен өткен жылы “Адалдық дүкені” жұмыс істеген болатын. Ал биыл “Өзің оқысаң, өзгеге табыс ет” қағидасына негізделген буккроссинг аймағы құрылыпты.
– Бұл жерге заманауи көркем әдебиеттер жинастырылған. Жоғары оқу орнының кез келген қызметкері мен студенті өз кітабын осы жерде тұрған көркем әдебиетпен алмастыра алады. Тек оқып болғаннан кейін кітапты қайта орнына қою керек. Бұл жерде қазақ, орыс және ағылшын тілінде 150 кітап бар. Осылайша, кітап оқу мәдениетін және адалдықты қалыптастырғымыз келеді, – деді Богдан Петров.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.