«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР АРАСЫНДА КЕҢ ТАРАҒАН АУРУЛАР

Денсаулық – адамның баға жетпес байлығы. Алайда, сол байлықтың құнын бағамдап, қадірін білмейтініміз өкінішті.

Бүгінде кейбір замандастарым адам денсаулығына қауіп төндіре­тін жаман әдеттерге әуес. Темекі, ішімдік пен зиянды тағам ұлт сау­лығына кері әсерін тигізуде. М.Қо­зы­баев атындағы Солтүстік Қа­зақ­стан университеті жанындағы медициналық пункттің маманда­ры соңғы он жылда жастардың денсаулығы нашарлағанын айтып дабыл қағуда. Мәселен, асқазан, жүйке жүйесі аурулары кең етек алған.

Жиырма жылдан астам ден­сау­лық сақтау саласында ты­ным­сыз еңбек етіп жүрген терапевт-дә­рігер Салтанат Сақтағанова жас­тар­дың өз денсаулығына немқұ­рай­ды қарайтындығына қынжы­ла­ды. Айтуынша, туберкулез, жұқ­палы іш ауруларының таралуына байланысты алдын алу жұмыс­тары жүргізілген кезде тексеріс­тен өтуден бас тартатындар да жиі кездеседі. Олар мұндай әре­кет­терімен өздеріне ғана емес, айналасына да қауіп төндіретінін ескермейтін сыңайлы.
Кез келген сырқат ерте анық­тал­са, науқастың айығып кетуі де оңай. Алайда, ауруын асқынды­рып алатын студенттер жиі кезде­седі екен. Үстіміздегі жылдың ба­сынан бері тыныс алу жолдары қа­бынған сырқаттардың саны ба­сым. Соның ішінде пневмония, фа­рингит, трахеит, бронхит сынды аурулар бар.
– Өткен жылы мамандардың кө­мегіне төрт мыңнан астам студент жүгінді. Олардың дені көз дәрігері мен терапевтің қабылдауында болды. Сондай-ақ, ультрадыбыс­тық зерттеуден өтті. Үстіміздегі жы­лы 52 студент диспансерлік есеп­ке тұрды, – деген Салтанат Саты­балдықызы жыл өткен сайын сту­денттердің арасында асқазан, бүй­ректің қабынуы, қаназдық ауру­лары кеңінен таралып жатқанын жеткізді. Ал биылғы жыл басынан бері желшешекпен (ветряная ос­па) алты адам ауырған.
Қазір білім ордасында “Серпін” бағдарламасы аясында оңтүс­тік­тен келген студенттер білім алу­да. Климаттың ауысуына байланысты олар­дың ағзасында бірқатар өзгеріс­тер орын алған. Яғни, кейбірі ней­роциркуляторлық дистония ау­руы­на шалдыққан. Әсіресе, қаназ­дық ауруының көрсеткіші жоғары.
Университет әкімшілігі сту­дент­­тер арасында саламатты өмір салтын насихаттауға ден қойды. Бі­лім алушыларға “Дұрыс тамақ­тану тәртібі”, “Темекінің зияны”, “На­шақорлық”, “Алкоголизмнің зияны” туралы дәрістер оқылады. Жатақханалардың тазалығы қа­таң қадағаланатынын айтып өткен жөн.
Тән саулығы алдымен, жастар­дың өздеріне, содан кейін, меди­циналық қызметкерлерге байланысты екенін ұмытпағанымыз тиіс. Сонда ғана, әрбір адам ден­сау­лықтың қадірін түсінетін бола­ды.


Маржан АҒЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан
университетінің студенті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp