«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР АУЫЛДА НЕГЕ ТҰРАҚТАМАЙДЫ?

Айдарға өзі туып-өскен ауыл өмірінен гөрі қаланың қайнаған тіршілігі ұнайды. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін қаржы және экономика мамандығы бойынша бітірген жігіт қызметке орналаса алмай, қаладағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып жүр. Әріптестері арасында пысықтығымен, шапшаңдығымен әрі ісіне ұқыптылығымен көзге түскен Айдар болашақта үй алмақ мақсатпен “Тұрғын үй жинақ банкінен” есепшотын ашып, керек-жарағынан артылғанын жинап жатқан жағдайы бар. Бір мектептің тізгінін ұстап отырған әкесі ұлының пәтерден пәтерге көшіп, істеп жүрген жұмысына көңілі толмай, ауылға шақырады. Бірақ Айдардың барғысы жоқ.

Айдар жалғыз емес. «Мен қалайда қалада қаламын. Ауылға бармаймын. Ауыл бізге не береді?” – деген сөздерді жастардың басы қосылған ортада арагідік естіп қалатынымыз жасырын емес. Ауыл жастарының көбі қалаға асығады. Қалаға білім іздеп келген олар оқуды бітіріп, диплом алып, жұмысқа орналасып, біржола тұрақтауды ойлайды. Мамандығы бойынша екі қолға бір күрек таба алмаған бірқатары базар маңы мен түнгі клубтарды, дәмханаларды жағалайды. Бір қызығы, тапқанын пәтерақыға төлеп, ішіп-жеуі мен киім-кешегіне жеткізе алмай, келесі айлықты сарғайып күту жанына батып, қинаса да жастардың көбі бұл өмірлерінен бас тартып, ауылға баруды ойламайды да. Неге?  

Айдын, 28 жаста:

– Мен отбасыммен бірге қалада тұрамын. Екі сәбиім бар. Бір бөлмелі пәтерді 40 мың теңгеге (коммуналдық шығынды қоспағанда) жалдаймыз. Келіншегім тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қазір декреттік демалыста. Мен саудамен айналысамын. Түрлі маркалы қалта телефондарын сатамын. Жеке жалдамалы дүңгіршегім бар. Алты айда бір рет шетелге шығып, тауар алып келемін. Табысым да жақсы. Отбасымды асырап, қолымнан келгенше туысқандарыма, бауырларыма да көмек беріп тұрамын. Әрине, ауылда тұрып, жаныма жақын кәсіппен айналысуыма болатын еді. Бірақ қай жағынан алып қарасақ та, ауылда тұрып, тіршілік ету тиімсіз. Бәсеке жоқ, тұтынушылар саны аз, түсетін пайда да мүлде көңіл көншітпейді. Сол себептен, ауылға барғым келмейді. Балашағамды жетілдіріп, жағдайларын жасап, біріміз ақсақал, біріміз ақ жаулықты әже болғанда ауылда тұрармыз, бәлкім?!

Меңсұлу, 20 жаста:

– Мен – М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің “Мектепке дейінгі білім беру” мамандығының 2011 жылғы түлегімін. Қазір қаладағы супермаркеттердің бірінде есепші болып жұмыс істеймін. Ал ауылға жұмыс табылған күннің өзінде де барғым келмейді. Ауылдың қоңырқай, қызықсыз, бірқалыпты тіршілігі мені және мен секілді жастарды жалықтырып жібереді деп ойлаймын.

Гүлжан, 29 жаста:

– Менің ауылда тұрмауым ауылдан қашып, безінуім емес. Ауылда өмір сүргім-ақ келеді. Бірақ ана болған соң, балаларымның болашағына алаңдаймын. Мен мектепті бітіре салысымен ауылдас жігітке тұрмысқа шықтым. Содан күнделікті тіршіліктің көлеңкесінде оқымай қалып қойдым. Өмірге ұл-қыз алып келдім. Қазір қызым 11 жаста, ал ұлым – тоғызда. Жолдасым бір жекеменшік фирмада жұмыс істейді. Жалақысы да жақсы. Бес-алты жыл ауылда өмір сүрдік. Қолымызда дипломымыз болмағандықтан, мал ұстап, сүтін саттық. Тапқанымыз тиімсіз болған соң, кейін қалаға көштік. Шынымды айтсам, күйеуіме ауылдан кету туралы ұсынысты жасаған өзім болатынмын. Өйткені, қос балапанымның ертеңіне, біліміне, оқуына алаңдадым. Біз тұратын жерде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мүлдем жоқ. Көрші ауылдың ұстазы аптасына бір рет келіп, сабақ беріп кететін. Бұл балалар үшін жеткіліксіз. Ал тілді жетік меңгермеген жастан ертең қандай маман шығады? Оның үстіне, қызымның талпынысы күшті болды. Сосын ауыл мектептерінде оқушының қызығушылығын оятып, бір кәсіпті игеруге, өнерге талпындыратын қосымша үйірмелер жоқтың қасы. Бұл тұрғыдан алғанда, қалада барлық жағдай бар. Бүгінде қызым небары бесінші сыныпта оқыса да, қосымша даярлайтын курстың көмегімен ағылшынша сөйлей алады. Домбыра да тартады. Қала баланың болашағына жол ашады.

Ерғали, 26 жаста:

– Жастардың ауылдан қашып, қаланы бетке алуының бірден-бір себебі – жұмыс көзінің тапшылығы. Ауыл жастары мал бағады, егін орады. Мұның өзі – дене еңбегін қажет ететін, адамды әбігерге салатын науқандық жұмыстар. Күн сайын қайталана берсе, өмірдің де сәнінен сән, мәнінен мән кетеді. Оның үстіне, кешкілік көңіл көтеретін, демалатын орындардың жоқтығынан жаңа достар тауып, басқа орта іздеген жастар амалсыздан қалаға қарай ағылады. Мен де сондай жанның бірімін. Тұрақты қызметке орналасу үшін уақытша жұмыс істеп жүрмін. Ауылдың құрт-майын, сүт-айранын сағынған кезде болмаса, көп бармаймын.

Біз жүргізген сауалнамаға жауап берген жастардың көбінің ауылдағы жағдайға көңілдері толмайды. Сонда не істеу керек? Қаладағы қаздай қатар тізілген ойын-сауық кешендерінің, өнер ордаларының, демалыс орындарының бәрін ауылға көшіру керек пе? Халқымыздың ұғымында ауыл деген кең-байтақ, жазира даланы ен жайлаған, мал бағып, төрт түліктің төлін баптап-өсірген, берекесі мен ырысы мол, бойында ұлы арман мен мақсатты тоғыстырған жастары бар, түтіні түзу шыққан ел емес пе еді?

Жақында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен “Жас Отан” жастар қанаты қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Есіл ауданында ауыл жастарының форумы өткен болатын. Аталмыш жиында да біз көтеріп отырған мәселе сөз болды. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Рамазанова ауыл жастарына мемлекет тарапынан көптеген қолдаудың көрсетіліп жатқанын айтты.

– Солардың бір дәлелі – “Жастар – ауылға!”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламалары. Сондай-ақ, ауыл жастарына жан-жақты қолдау көрсету мақсатында барлық аудан орталықтарында “Жастар бастамалары орталығы” мемлекеттік коммуналдық мекемелері жұмыс істейді. Олар жастардың көкейінде жүрген ойларының, мақсаттарының жүзеге асуына, жеке кәсіптерін ашып, мемлекеттен жеңілдетілген кредиттер алуларына көмектеседі. Ал ауылдық елді мекендерде жастар ісімен айналысатын арнайы мамандар бар. Бұл ауыл жастарының туған мекенін дамытып, өркендетуіне жасалған зор жағдай деп ойлаймын, – деген болатын.

Статистика органдарының мәліметіне қарағанда, өңіріміздегі жастардың үлесі 23 пайызды немесе 133,9 мың адамды құрайды екен. Олардың 58 мыңы – қалада, ал 75 мыңы ауылдық жерлерде тіркеуде тұрады екен. Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалармен үстіміздегі жылы 350-ге жуық жас маман ауылға жұмысқа орналасқан. Мұның өзі жастарды ауылға тартудың жақсы көрсеткіші. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Мамлют ауданының Покровка ауылындағы орта мектепте мұғалім болып жүрген Ерғали Зиябек:

– Мен мемлекеттен үстемеақысыз берілген кредитке үй сатып алдым. Достарымның арасында аталмыш жобамен елді мекендерге барғысы келетіндер жетіп артылады. Тек, жастарды қосымша қаржылай ынталандырса болғаны, – деп жастардың ауылдан қашуына еш негіз жоқ екенін айтып, болашақта отбасын құрып, ауылдағы берекелі шаңырақтың бірі болуды армандайтынын да жасырмады. Демек, жұрттың бәрі ауылдан безіп жатыр, ауылдың түтіні өшетін күн алыс емес деп сарыуайымға салынудың да реті жоқ сияқты. Бәрі өзіміздің қолымызда.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp